Абай облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты көбейген

17.12.2024

Абай облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты көбейді. Жыл басынан бері жайылып жүрген жылқы мен сиырға көлік соғылып, 200 жол көлік оқиғасы тіркелген. 1 адам қайтыс болып 67 адам жарақат алыпты. Сол себепті жолға жауапты мамандар қауіпсіздікті күшейту үшін трассалардың шетіне жағалай қоршау орнатып, арнай белгілерді көбейте бастады.

Қуат Ешенғалиев екі жыл бұрын жол үстіне шығып кеткен жылқыны қаққан. Салдарынан қолы сынып, жанындағы жолаушы да жарақат алған. Автокөлігі жарамсыз күйде қалған ол өзі ұзақ емделген. Малдың иесімен соттасып, ақыры шығынды өтей алмаған. «Аман қалғаным олжа», деп істі жылы жауыпты.

Қуат Ешенғалиев, Семей қаласының тұрғыны:

Трассада кетіп бара жатқанда жылқы шауып шықты да, менің машинама кіріп кетті. Мен қалай болғанын білмей де қалдым. Мал асырағаннан кейін жолдың шетіне жіберіп қоя салу деген екінің бірінің қолынан келеді. Қанша адам соның кесірінен өліп жатыр. Жарақат алып жатыр.

Көлік апатының 30 пайызы иесіз малдың тас жолға шығып кетуінен дейді мамандар. Көбіне полицейлер қараусыз жүріп көлік қаққан түліктің иесін тауып айыппұл салады. Бірақ мәселе мұнымен шешілер түрі жоқ.

Арсен Бекзатов, ПД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

Біз алдын алу мақсатында қараусыз бос жүрген 229 мал иесіне айыппұл салдық. 11 мың ірі қараны айып тұрағына қамадық. 3651 мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тарттық.

«ҚазАвтожол» компаниясының мамандары да жол апаттарын азайту үшін алдын алу жұмыстарын ширатқан. Елдімекендер мен шаруа қожалықтарына жақын орналасқан жолдардың бойында 18 шақырымға тор орнатып, малдың сұлбасы бейнеленген макеттерді қойған.

Қуаныш Қалиев, «ҚазАвтожол» ҰК» Абай облыстық филиалының бөлім басшысы:

Келесі жылға тағы да 18 мың метр қарастырып отырмыз. Малдың қоршауы, сиыр малының макеті, жылқы малының макеті. Одан басқа потрульдік полицияның макеті. Жарықтандырғыш белгілер. Абай облысындағы республикалық жолдардың барлығын қамтыды.

Биылдан бастап қараусыз малдың иелеріне әкімшілік жаза да күшейтілген. Төрт түлігін тас жол бойында иесіз тастағандарға 37 мың теңге айыппұл салынады.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу