Қызылордада алғаш рет мәдениет саласы мамандарына қызметтік үй берілді. Аймақ руханияты мен өнеріне үлес қосып жүрген 40 қызметкер баспаналы болды. Жаңа тұрғын жайдан «Сыр жастары» бағдарламасымен жас отбасыларға да пәтер кілттері табысталды.
Биыл облыста «Руханият» жылы аясында атқарылған ауқымды жобалар жетерлік. «Анаға тағзым» кешені мен зәулім «Өнер орталығы» ел игілігіне берілді. Саф өнердің майталмандары үшін шаһарда жыраулар үйі ашылып, алғаш рет жастар театры құрылды. Өңірде мәдениет саласын өркендетуге бағытталған байыпты бастамалардың жалғасы ретінде қызметтік пәтер берілуде.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Сыр өнерпаздарының әлеуметтік мәселесі де біздің назарымызда. Жаңадан құрылған ұжымдар мен өнер ұйымдарына кәсіби мамандар тарту, оларды сақтап қалу – ең өзекті мәселе. Өнер мен мәдениет өкілдеріне қандай қолдау, қандай қошемет жасасақ та жарасады.
Өнер жолын таңдаған жандар жаңа жыл қарсаңында жаңа қонысқа ие болғанына сене алар емес. Баспана тауқыметін көріп келген мәдениет саласының 40 қызметкері пәтер кілттерін қолына алып, қуаныштары қойнына сыймай тұр.
Данияр Сабыров, театр қызметкері:
Осы театрда жұмыс істегеніме 13 жыл болды. Аллаға шүкір, осы сәтке де жетіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Өнер адамдарына халықтың ықыласынан басқа алатын еш нәрсеміз жоқ. Бұндай жағдайлар бізде... осы біз қуанып тұрмыз, шынын айтсақ.
40 жас отбасы баспаналы болды
Сондай-ақ, осы күні «Сыр жастары» бағдарламасымен 40 жас отбасы баспаналы болды. Биыл қолға алынған бұл жоба жастар үшін тиімді болып тұр. Білім, медицина және басқа да бюджеттік мекемелерде еңбек ететін жас мамандар пәтердің алғашқы 10 пайыз жарнасын төлеп, жаңа тұрғын үйге қол жеткізді.
Ғазиза Арынғазы, қала тұрғыны:
Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп санаймын. Өйткені бұл конкурс арқылы, бастапқы жарнасы төмен пайызбен берілді. Және де енді бастап келе жатқан, қызмет атқарып жатқан мамандарға берілген керемет мүмкіндік деп ойлаймын.
Осылайша «Сыр жастары» бағдарламасымен биыл 100 жас отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді. Жалпы жыл басынан бері аймақта екі мың жанұя қоныс тойын тойлады.
Әділбек Серікұлы