Жамбыл облысында жыл соңына дейін 34 инвестициялық жоба іске асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 34 инвестициялық жоба іске асады

18.12.2024

Жамбыл облысында жалпы құны 3,4 триллион теңге болатын 80 жоба іске асады. Бұл аймақтың алдағы үш жылға арналған ауқымды инвестициялық портфелінің жоспары. Биылдың өзінде бұл бағытта 19 жоба жыл аяғына жетпей аяқталмақ. Қолға алынған жобалар қолданысқа берілгенде қанша адам жұмыспен қамтылмақ? Жалпы елімізде кімдер инвестор бола алады? Данияр Әлімқұлдың материалында.

Биыл Жамбылда инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылып, өз жұмысын белсенді бастады. Мақсат айқын, меже мынадай, 2028 жылға дейін құны 3,4 триллион теңге болатын 80 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 6 500 жұмыс орны ашылады. Биылға жоспарланған 34 жобаның әзірге 19-ы іске асты. 700 адам жұмысқа тартылды. Соның бірі – Орталық Азия бойынша қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей цемент зауыты.

Бенджамин Ченг, инвестор:

Біз 50 млрд теңге инвестиция салдық. Қордайдағы цемент зауыты жылына 1,5 млн тонна қалдықсыз цемент өндіреді. Тәулігіне үш жарым тонна клинкер шикізатын шығарады. Қазақстан Президентіне алғыс айтамын. Қазақ елінде кәсіп жүргізуге кедергі жоқ. Құжаттар жеңіл әрі жылдам реттеледі. Сол үшін біз өзге инвесторларды да тартатын боламыз.

Орталық Азияда жел генераторларының бөлшектерін шығаратын зауыт атымен жоқ. Енді мұндай кәсіпорын Шу ауданында салынбақ. Шетелдік инвестор 114 миллион доллар қаржы құйды.

Чжоу Фугай, инвестор:

Жобаның 80 пайызын біз қаржыландырамыз. Келесі жылдың соңында салып бітеміз. Қазақстанның жасыл энергия көздерін жандандырып жатқаны қуантады. Жамбыл облысы – желден қуат алуға өте қолайлы аймақ.

Жамбылда жыл басталғалы негізгі капиталға 370 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл ретте тіпті тойхана тұрғызып, сауда нысанын салған кәсіпкердің өзі де аймақтың инвестициялық ахуалына әсер ете алады.

Ернар Оразбай, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

Жергілікті кәсіпкерлердің салған инвестициясы. Яғни осы жерде салынған мейрамханалар болсын, тағы да басқалар болсын. Жоспар бойынша 2025 жылы 30 жоба іске қосылуы мүмкін. 30 жоба іске қосылған кезде жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайды, 1500-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Жамбылда жаңа жылға дейін кәсіпкер қаржысына тағы 15 кәсіпорын ашылмақ. Айта кетейін, елімізде кез-келген адам инвестор бола алады. Ол үшін заң бойынша жасайтын жобаңыздың жалпы құны 500 млн теңгеден жоғары болу керек. Сонда ғана инвесторлардың бірыңғай пулына қосылып, кәсіпорын ашуға мүмкіндік бар.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу