Түркістанға жаңа мәртебе беру: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанға жаңа мәртебе беру: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

18.12.2024

Түркістан қаласындағы қолөнер шеберлеріне субсидия беріледі. Туризмді дамыту мақсатында қолөнерді қолдау мәселесі заңмен қарастырылуда. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы қаралды. Құжатты әзірлеген кезде Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдердің тәжирибесі негізге алыныпты. Самал Қабышева толықтырады.

Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Осы мәртебені нығайту, тарихи мұраны сақтау, қорғау, туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тартып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту – заң жобасының негізгі мақсаты.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР ұлттық экономика министрі:

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу. Құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау.

Яғни, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын нысан салуға заңмен тыйым салынады. Ал Түркістан қаласының қолөнер шеберлерін қолдау жаңа құжатта негізгі бағыттың бірі ретінде көрсетілген.

Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

Әлеуметтік артықшылықтар негізінен қолөнер шеберлеріне қарастырылып отыр. Қалада жалпы 100-ден астам қолөнер шебері бар. Олар туристік бағытта жұмыс істегеннен кейін шет елден, елімізден келетін саяхатшыларға өз өнімдерін ұсына алады. Оларға артықшылық тиісті өнімдерінің 20-25 пайызына дейін субсидиялау мәселесі қарастырылып отыр.

Иә, Түркістанға келуші туристердің де саны жыл санап артуда. Былтырдың өзінде 1,5 млн-нан аса саяхатшы шаһарға арнайы келген. Сондықтан бұл жерде кәсібін бастауға ниетті инвесторлар да көп.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жыл басынан өңір 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартты. Оның ішінде 685 млн АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар. Бұл – өңірдің тек орталықтан көмек күтіп отырмағанының дәлелі. Ерекше мәртебе осы үдерісті күшейтіп, отандық және шет елдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Самал Қабышева, тілші:

Мәжіліс депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес енді жергілікті әкімдікпен мәслихаттың құзіреті артады. Олар Түркістан қаласында салынатын құрылыс жоспарына қатысты маңызды шешімдерді қабылдайтын болады. Ал жақын күндері Түркістаннан Мәскеу мен Бакуге тікелей қатынайтын әуе рейстері ашылады деп жоспарлануда.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу