Биыл орта білім саласында қандай өзгерістер болды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл орта білім саласында қандай өзгерістер болды?

19.12.2024

Білім сапасын арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бұл 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген. Ол қандай жұмыстар? Биыл орта білім саласында қандай өзгерістер болды? Жоспар орындалды ма? Серік Жұмабек біліп көрді.

Серік Жұмабек, тілші:

Елімізде 8 мыңға жуық мектеп, 3,9 млн оқушы бар. Балалардың 40 пайызы ауылдық жерде білім алады. Бірақ сапа сын көтермейді. Қаламен арадағы алшақтықты жою үшін биыл «Ауыл мектебі – сапа алаңы» пилоттық жобасы Ақтөбе облысында жүзеге асты. 134 мектептің 3500-ден астам ұстазы өз біліктілігін арттырса, 11 мыңнан астам оқушы жаңа инновациялық сабақ беру тәсілдерімен қамтылды. Жоба нәтижесінде оқу сапасы 4.5 пайызға жақсарған.
Қаныбек Жұмашев, орта білім беру комитетінің төрағасы:

Арнайы жобаның аясында қашықтан оқыту технологияларын пайдаланып, жақсы мектептер, гимназия, лицейдегі мұғалімдер онлайн режимде ауылдық мектептерге сабақ беріп бастады. Сөйтіп білікті мамандарды ауылға қашықтан жеткізуге мүмкіндік жасадық.
Серік Жұмабек, тілші:

Биыл педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары да жүйелі жүзеге асты. Функционалдық сауаттылық, пәндік және IT құзіреттіліктер, сондай-ақ инклюзия тақырыптарын қамтыған 80 бағдарлама әзірленді.
Айдана Шилібекова, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының басқарма төрағасы:

Биылғы жылы 81 мыңнан астам педагогті біз мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытып шықтық. Оның 46 мыңнан астамы ауыл мектептерінің педагогтері.
Серік Жұмабек, тілші:

Педагог мәртебесі туралы заң аясында биыл алғаш рет ұстаздарға жаңа атақтар берілді. Нәтижесінде мектепті Алтын белгімен бітірген түлектер арасында мұғалім мамандығын таңдайтындар көбейген. Мысалы, былтыр 1300 бала, биыл 1800 түлек ұстаздық жолды таңдап оқуға түскен. Педагогтердің жалақысы соңғы 4 жылда екі есеге өсіп, білім беру саласындағы орташа айлық 300 мың теңгеден асты.
Қаныбек Жұмашев, Орта білім беру комитетінің төрағасы:

Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты жаңа марапат іске қосылды. Осы марапатпен биыл алғаш рет 21 ұстаз Ақордада Мемлекет басшысының қолынын осындай биік марапатқа алды. Сонымен қатар тұңғыш рет бір жылда екі бірдей педагог «Қазақстанның еңбек ері» атағын алды. Тіпті, жобаның арқасында ауыл мектептерінде сапалы педагогтар жетіспеу мәселесі де шешімін тапқан.
Серік Жұмабек, тілші:

Халықаралық олимпиадалардағы дарынды балалардың жетістіктері де жаман емес. Биыл әртүрлі деңгейдегі білім бәйгесіне қатысқан 1667 оқушының 58-і алтын медаль алды. Бұдан бөлек 20 өңірде психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Қазірге дейін 240 мыңға жуық бала мен ата-ана осы орталықтардан көмек алған.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Бұрын мектептердегі педагог-психологтардың жұмысын үйлестіретін ортақ, жергілікті орталық болған жоқ. Осы орталықтарымыз проблемалық мәселелер бойынша балалар мен оладың ата-аналарына психологиялық көмек беруге құзіретті.
Серік Жұмабек, тілші:

Бала қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз ету мақсатында былтыр буллинг, кибербуллинг түсініктері заңнамаға енгізілген еді. Биыл алғаш рет баланың іс-әрекетіне ата-ананың әкімшілік жауапкершілігін заңмен бекіту жұмысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек 111 байланыс орталығы құрылып, құқықтық тұрғыдан көмек көрсетуді бастады. Енді ата-аналар комитетінің жұмысын трансформациялау көзделіп отыр.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу