Биыл Жетісу облысына екі миллионнан астам турист келді. Алдағы уақытта сан еселене түспек. Себебі Балқаш көліне апаратын жол жөнделіп жатыр. Келер жылы шомылу маусымында «тақтайдай тегіс жол» болады. Бүгін Астанаға келіп журналистердің сұрағына жауап берген өңір басшысы Бейбіт Исабаев осылай деді. Самал Қабышева толықтырады
Ну десе нуы, көл десе көлі, тау десе тауы бар Жер жәннаты атанған Жетісу жері. Өңірдің негізгі драйвері – туризм мен ауыл шаруашылық саласы.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
Жыл басынан бері облыс экономикасына 38% өсіммен 396 млрд. теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар – 291 млрд. теңге. Жалпы мемлекеттік бюджетке 286 млрд. теңге түсті, оның ішінде жергілікті бюджет 1,6 есе өсіп, 106 млрд. теңгеге жетті.
Төрт түліктің саны 2,5 млн басқа жетті
Мұнда төрт түліктің саны 2,5 млн басқа жеткен. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд. теңге бағытталыпты. Оның 23 млрд. теңгеден аса қаржысы субсидия арқылы берілген. Өңірде қант қызылшасы алқабы екі есеге артқан. 7 мың гектардан бірден 14 мың гектарға дейін жеткізген.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
Қызылшаны егеміз, қайда өңдейміз деген тұрады. Біріншіден, биыл Көксу қант зауыты іске қосылды, 2026 жылы қуаттылығын 400 мың тоннаға дейін жеткізеді. 500 мың еуроға жеке инвестицциямен кеңейтейін деп жатыр.
9 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Қорғас желісі мен «Достық» станциясы Жетісудың экономикалық өсуіне негізгі дем бермек. 2027 жылдың соңына дейін 1,1 трлн-ға 79 жобаны іске асыру жоспарлануда. Іске асса, 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Орталықтандырылған сумен қамту 91 пайыздан асты
Биыл Жетісу облысында газдандыру деңгейі 56 пайыздан, орталықтандырылған сумен қамту 91 пайыздан асқан. Жетісу облысы құрылғаннан бері 43 жаңа өндіріс іске қосылған. Өңірде баспанамен қамту да қарқын алған. Биыл 2700-ден аса пәтер берілген.
Самал Қабышева