Өзбекстандағы қазақтар көптеп қоныстанған Науайы аймағын дамытуға келер жылы 2 млрд доллар инвестиция тартылмақ. Еліміздің Қызылорда облысымен шектесіп жатқан өлкеде тарихи орындар да баршылық.
Алдағы уақытта оларды тамашалауға ниетті саяхатшыларды көбейту жоспарланған. Науайы аймағында орналасқан тарихи ескерткіштердің бірқатары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Олардың арасында Қасым-Шейх сәулет кешені, Рабат-и Мәлік керуен сарайы мен Сардоба тарихи кешені бар. Сондай ақ Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Деггарон мешіті Орталық Азиядағы теңдесі жоқ сәулетті ғимарат ретінде танымал.
Әміриддин Әбутәліпов, Науайы мемлекеттік тарих және мәдениет мұражайы Қасым-Шейх мемориалдық кешені филиалының директоры:
Шығыс мемлекеттерден, әсіресе, түркі тілдес елдерден осынау киелі орындарға саяхатшылар көп келеді. Қазақстан, Түркия мен Әзірбайжан секілді бауырлас елдердің туристері де баршылық. Олар ата бабамызға ортақ тарихтан сыр шертетін орындарды көріп тамашалауға ерекше ынталы.
Науайы облысының төрт ауданында қазақтар көп шоғырланған. Нұратада тарихи тұлғаларымыздың бірі Әйтеке бидің кесенесі бар. Қандастарымыз баба зиратын күтіп-баптап отыр. Жергілікті туризм басқармасының мәліметінше, бұл жерге жыл сайын 8 мыңға тарта турист келеді. Ал, биыл жазда Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді. Науайы облысында жер-жерден жиналған қалың қазақ бас қосып би бабамыздың рухына құран бағыштап, ас берді.
Базаркүл Отыншиева