Астанада жолаушылар қарлы боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жолаушылар қарлы боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр болды

20.12.2024

Бүгін Астанада да қар жауып, бұрқасын болды. Осының салдарынан жолдарда ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Кейбір көшелерде қозғалыс қиындап, жолаушылар қарлы боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр болды. Астанада қоғамдық көліктің жұмысына шағым көп. Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес Астана әкімінің жауабын біліп келді. 

Бүгін Астанада қарлы боран. Сынап бағанасы минус онды көрсеткенімен екпінді жел мен тоқтаусыз жауған қардың ызғары сүйегіңнен өтіп кетеді. Үйіне асыққан тұрғындар аялдамада автобусты 40 минут күтуге мәжбүр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне мына автобус өз уақытынан 10 минутқа кешігіп келді. Жолаушылардың айтуынша, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Тіпті осы кешігіп келген автобустың өзіне сыймай қалатын кезіміз болады деп шағымданып жатқандар көп.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

Жылына тұрғындарының саны 60-70 мыңға өсіп жатыр. Сондықтан маршруттар дың саны да көбейіп жатыр. Бұл проблема бар. Қосымша 300-500 автобус толығымен шешеді деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 300 жаңа автобус қалаға келеді.

Бүгінде қалада 1500 автобус жолаушы тасымалдайды. Оның тең жартысы ескіре бастаған. Сондықтан алдағы бірнеше жылда автобус паркін толықтай жаңарту жоспарланып отыр. Тұрғындарды толғындыратын тағы бір мәселе ол – көлік кептелісі. Қала әкімінің сөзінше, бұл оң жағалаудан сол жағалауға немесе солдан оң жағалауға жүретін көліктер санының көбеюіне байланысты. Сондықтан алдағы уақытта екі жағалауды біріктіретін көпірлер санын көбейтпекші.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

Қазір бірнеше бағыт бойынша көпірлердің жобалары жасалып жатыр. Мүмкін келесі жылдың басында тағы бір көліктің құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Қала әкімінің айтуынша, келер жылы көптен күткен  LRT құрылысы да аяқталып, қолданысқа берілуі мүмкін. Алғашқы пойыздар 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында әкелінеді екен.  LRT арқылы тәулігіне 20-25 мың жолаушы діттеген жеріне бара алады. Бұл - автобус жетіспеушілігі мен кептеліс мәселесін шешуге де сеп болмақ.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу