Биыл полицияға отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық шағым түскен. Бұл статистика Үкіметтің ресми сайтында жарияланды. 100 мың шағым деген аз емес. Жауаптыларға қандай шара қолданылды? Жәбір көргендерге қандай қолдау көрсетілді? Қорытынды қандай? Самал Қабышева рет-ретімен айтып береді.
Самал Қабышева, тілші:
Полицияға түскен 100 мыңға жуық шағымның, 16 мыңы сотта қаралып, шешім шыққан. Барлығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іс. Түскен 100 мың шағымның 72 мыңы бойынша «қорғау нұсқамасы» берілген. «Қорғау нұсқамасы» дегеніміз не? Яғни, жәбірленуші полицияның қорғауында болады. Үстінен шағым түскен азамат жәбірленушіні мазалауына болмайды. Тіпті қоңырау шалуға да тыйым салынады. Бақылау мерзімі - 30 күн. Талапты бұзған адам 5 күнге қамауға алынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда әйелдерге қарсы қылмыстар саны екі есеге азайған. Оған биыл «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» қабылданған жаңа заңның қатаңдатылғаны түрткі болды. Мәселен, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік жазамен құтылатын.
Жаңа заңға сәйкес, енді олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп аталатын баптан, «бас бостандығынан шектеу» деген тармақ алынып тасталды. 3-8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Кәмелетке толмаған баланы зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскер 20 жылға сотталатын. Ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендер 5-9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, яғни түрлі сайттар бұғатталған.
Оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттаған 127 сайт бар. Еліміздегі дағдарыс орталықтары да тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың панасына айналды.
Биылдың өзінде еліміздегі 69 дағдарыс орталығына 5,5 мың әйел жүгінген. Оның 4 мыңға жуығында бала бар. 111 шұғыл байланыс қызметіне хабарласатындар да көп. 11 айдың ішінде 82 мыңнан астам қоңырау түскен. Қоңырау шалушылардың басым бөлігі - отбасылық зорлық-зомбылыққа шағымданып, психологиялық көмекке жүгінгендер. Сондай-ақ, тәулік бойы қызмет көрсететін желіге заңгерлік кеңес бойынша хабарласатындардың да саны артқан.
Самал Қабышева