Келес ауданындағы жеті мыңнан астам тұрғын ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келес ауданындағы жеті мыңнан астам тұрғын ауыз суға зәру

20.12.2024

Миллиондап ақша бөлсе де, ауыз суға жарымай отыр. Түркістан облысы Келес ауданындағы екі ауылдың 7 мыңнан астам тұрғыны тіршілік нәріне зәру. Төрт жыл бұрын Ақжол мен Қауыншы ауылдарын таза сумен қамтуға 900 миллион теңге бөлінген. Қаржы бөлгенмен, қарекет жоқ. Су берілмесе де мердігерге 800 млн теңге төленіп қойған.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Ақжол мен Қауыншы елдімекенінің тұрғындары осы Ашынау каналындағы суды жылдар бойы тұтынып келген. Алайда соңғы бір айдан бері каналда су жоқ. Өзбекстан тарапы каналдың бас жағында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның салдарынан жеті мыңнан аса халық тіршілік нәрінсіз қалды.

Ақжол ауылының тұрғыны Әлішер Молдабабаев қолдан қазып алған құдығына 14 тонна су құйдырды. Оны көршілерімен бірге тұтынады. Таусылса тағы сатып алуға тура келеді дейді.

Әлішер Молдабабаев, Ақжол ауылының тұрғыны:

Құдыққа 20 мың теңгеден су құйдырамыз. Ол маған бір айға жетпейді. Оны екі үй қолданамыз. Оның бес бала-шағасы бар. Менің үш бала-шағам бар. Ішуге суды зорға тауып жатырмыз.

Ал, Сейткәрім Әлиев қар ерітіп, амалдап отыр. Бес баланың әкесі еріген суды ас ауқатқа да пайдаланамыз дейді. Себебі тоннасын екі мың теңгеден су сатып алуға шамасы жоқ.

Сейткәрім Әлиев, Ақжол ауылының тұрғыны:

Кеше қар жауды. Қарды ерітіп, ішіп отырмыз. Келіншегім кешке келеді, кір жуады. Қазір бөшкелерге ерітіп, дайындап қоюым керек.

Ауылда қара суға қол жетпей, қар тұтынып отырған тұрмысы төмен отбасылар жетерлік. Себебі жергілікті жұрттың басым бөлігі маусым кезінде жалданып жұмыс істейді. Ал қазір жұмыс тоқтап тұр. Қаражатсыз қалған.

Нұржан Шүленбаев, Ақжол ауылының тұрғыны:

Анау жерде де қазылды, бір труба жатыр. Оны да ішіп жатыр деп қол қойған шығар үлкендер. Ол су да жоқ. Кешегі қазылған суымыз ол да жоқ әлі. Ертең, арғы күні, міне болады, әне болады. Енді әрбір нәрсенің шегі болады.

Төрт жыл бұрын ауылға су тарту үшін бюджеттен 894 млн теңге бөлінген. Десе де одан қайран болмады. Бірақ, аудан әкімі бірнеше күн бұрын ғана брифингте су беріледі деп уәде еткен.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі:

Келес өзенінің жағасынан үш жарым шақырым жерден су шықты. Осы 15- ші желтоқсанға дейін фильтрін алып келеді да, Ақжол мен Қауыншыға су беріледі.

Алайда, әкім сөз бергенімен, су бермеді. Ең қызығы сала мамандары жер астынан да, Келес өзенінің жағасынан да су шықпайды деп шындығын айтты.

Алмас Абдуллаев, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Берілген ұңғыманың орнынан екі рет қазылды. Одан да бөлек екі рет қазылды су. Келес өзенінің бойынан да қазылды. Бірақ ол жерден де қажетті су көлемі анықталған жоқ.

Ал, құмға сіңген қаражаттың сұрауы бола ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Анығы ауыз суды Өзбекстан арқылы келетін Ашынау каналынан алмақ. Ол үшін арнайы жоба жасалмақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу