2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелде мүлкі бар және кейбір санаттағы азаматтар декларацияны тапсыруға міндеттеледі. Алматы қаласы бойынша кірістер департаменті 250-ші форма бойынша салық есебін өткізетіндердің тізімін атады.
Мәселен, олардың қатарында шетелде мүлкі бар, банктің, бағалы қағаздар нарығының қатысушысы болуға өтініш бергендер, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылары мен 20 000 АЕК немесе 73 млн теңгеден асқан ірі көлемдегі мүлікті сатып алғандар бар.
Сондай-ақ азаматтар шетелдегі жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдарын, зияткерлік меншік нысандары мен цифрлық активтерін, 1 000 АЕК-тен асатын шетел банктеріндегі қаражаты мен антиквариат, зергерлік бұйымдарын декларациялау қажет.
Оған қоса, жауаптылар ірі көлемде қолма-қол қаржысы бар азаматтарға ескерту айтты. Жыл соңына дейін қаражатын банкке салып, есебін жүргізсе, декларация тапсыруда кедергі болмайды.
Қанағат Күлімбаев, Алматы қаласы бойынша кірістер департаментінің басқарма басшысы:
31 желтоқсанға дейін, егер де сізде қолма-қол ақша болатын болса,ол қолма-қол ақша 10 000 АЕК-тен асатын болса, онда оны банкке салуға шақырамыз. Сол дұрыс болады. Қазір банкке салып, одан кейін қалған ақшасын өз еркімен келесі жылы 250-нысанда қолма-қол ақшасын көрсете алады.
Жазира Оразқызы