Жамбылда Жаңа жылдан кейін алғашқы электровоз жөндеу депосы жұмысын бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда Жаңа жылдан кейін алғашқы электровоз жөндеу депосы жұмысын бастайды

23.12.2024

Жамбыл облысының Шу ауданында заманауи электровоз жөндеу депосының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 4 млрд теңгенің жобасына франциялық кәсіпкерлер қаржы құйған.

Бұл Президенттің экономикалық даму жолында инвестиция көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатыр. Бүгінде құрылысы 80 пайызға аяқталған. Кәсіпорында жылына 200 электровоз жөнделеді. Мемлекет басшысы Жолдауда транзиттік табыс көлемін арттыруды тапсырған еді. Ал Шу ауданы Қытай, Қырғыз, Ресей мен Еуропаны жалғап жатқан шойын жол бойында жатыр. Сондықтан электровоз жөндеу депосының салынуы ұтымды жоба. Бүгінде сыртқы жұмыстар аяқталып, жөндеу цехтары салынып жатыр.

Ерлан Жұмаділов, жоба жетекшісі:

Электровоз вагондар көп уақыт жүргеннен кейін дөңгелектері майысып, тозады. Соның бәрін үшкірлеп түзулейтін станок Испаниядан келеді. Қалған вагонды көтеріп, құрастыру құрылғылары Финляндиядан келеді. Электрлі заттар Италиядан келеді.

Депоны салуға 150 адам жұмылған. Құрылыс материалдарының барлығы отандық өнім. Бүгінге дейін 700 тонна металл қолданылды. Жөндеу орталығы келер жылдың наурызында пайдалануға беріледі. Ал франциялық инвесторлар еліміздің өзге өңірлерінде де осындай 4 депо салмақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу