Депутаттар әуе тасымалының сапасын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар әуе тасымалының сапасын сынға алды

23.12.2024

Қазақстанда ұшақ билетінің бағасы Еуропамен бірдей. Депутаттар еліміздегі әуе тасымалының сапасына шүйлікті. Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында өзекті мәселе кеңінен талқыланды. Ұшақтардың жиі кешігуі мен өтемақыны қайтарудың қиындығы, мемлекеттік тілге құрметтің төмендігі және өзге де авиа саладағы күрделі түйткілдердің шешімі қандай? Тілші материалында.

Мәжілістегі үкімет сағаты осылай қызу пікірталаспен басталды. Депутаттардың отандық әуе компаниялардың жұмысына көңілі толмайтыны байқалады.

Абзал Құспан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тұтынушылардың құқығы бұзылады бір. Кешігеді екі. Рейстерін ұшырмайды. Бірақ компания бұл үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Еділ Жаңбыршинның пікірінше, Эйр Астана тіпті «аспанның құдайы болып алған». Депутат компанияның атқарушы директоры Питер Фостерге Қазақстан заңын сыйлап, азаматтардың мүддесін қорғауға кеңес берді.

Еділ Жаңбыршин ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз, сіз осы жерде отырып алып бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы ештеңені түсінбейтін абориген емеспіз. Ойнамаңыз. Бұл – Парламент. Бұл осы жерде отырған халықтың өкілі, халық сайлаған.

Ұшақ бортында қазақша фильмдер мен әндер аз. Отандық компанияның медиа контенті де сын көтермейді. Ал ашық аспан тәртібі еш көмектеспей отыр. Ұшақпен қатынау тым қымбат дейді, - депутат.

Еділ Жаңбыршин ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ, ара қашықтығы ұзара беретіндей еліміздің аумағы резеңке сияқты созыла бермейді. Ал сіздер бағаны көтересіздер, 60 мыңнан 120 мыңға дейін кетіп қалады. Сондықтан министрлік әуе компанияларын дұрыстап қолға алуы керек.

Әуе компаниясы шығыстарының 66 пайызы доллармен есептеледі. Осылай деп ақталған Питер Фостер, Эйр Астана мен Флай Арыстанның билеттері шетелдік лоукостерлерге қарағанда арзанырақ деп мәлімдеді.

Питер Фостер «Air Astana» АҚ бас атқарушы директоры:

Ең алдымен Air Astana компаниялар тобы монополист еместігін атап өткім келеді. Қазақстанда лицензияланған 4 компания жұмыс істейді. Осы жылдың қарашасына дейін FlyArystan 4,1 млн жолаушы тасымалдады және Air Astana-ға қарағанда ішкі нарықтағы әлдеқайда ірі оператор саналады. Себебі Air Astana қазіргі уақытта халықаралық бағыттарды дамытуға басымдық беріп отыр.

Жиында рейстердің жиі кешігетіні де сөз болды. Жаңа ережеге сәйкес әр кешіккен сағаты үшін жолаушылар билет құнының 3 пайызын қайтара алады. Алайда, оның өзін компаниялар құйтырқылыққа салып, қиындатқан. Министр бұл мәселе қайта қаралатынын айтты. Дегенмен оның пікірінше, Қазақстандағы ұшақтар әлемдегі компаниялармен салыстырғанда көп кешікпейтін көрінеді.

Марат Қарабаев ҚР Көлік министрі:

Мысалы, Қазақстанда ұшақ кешігеді дейсіз. Соңғы 10 айда 76 мың рейс орындалды. Әлемде әуе сапарларының тұрақтылығы деген болады. Сонда 23 пайызы кешігіп, 77 пайызы уақытылы ұшқан. Дәл осындай индикатор басқа елдерде, АҚШ-та да, Еуропа елдерінде де 77 пайыз шамасында. Бұл – ең басты мәселе, биыл толық мойындаймыз. Ондай жағдайлар болды.

Осы орайда Қазақстанның әуе нарығында бәсеке күшеймек. Qazaq air компаниясы вьетнамдық кәсіпкерлерге сатылды. Оған ел үкімет екі талап қойып отыр. Бес жылда жаңадан 20 ұшақ сатып алып, 2044 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын жабуы тиіс. Бұл келісім отандық авиацияның дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа рейстер ашылмақ.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу