Елімізде жыл басынан бері жүздеген науқасқа ағза трансплантацияланып, мәйіттік донорға қоғам көзқарасы оңалып келеді. Ал онкологиямен ауыратындар енді шет ел аспай, өзімізде тегін емделе алады. Сондай-ақ Ана мен бала өмірін сақтау көрсеткіштері жақсарды. Отандық медицина саласының өзге де жетістіктері туралы тілшіміздің жыл қорытындысында.
Инсульттен өмірден озған ақмолалық 44 жастағы әйелдің ағзалары, жақындарының рұқсатымен донорлыққа берілді. Бүйрегі 15 жастағы қыз балаға трансплантацияланды. Анасының айтуынша, баласының 3 айлығынан бастап бүйрегінде кінәрат бар. Өзі өмірден өтсе де, өзгеге өмір сыйлаған жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.
Гүлжан Толыбаева, реципиенттің анасы:
Менің қызымды таңдағанда қатты қуанып, жылап, өз-өзімді ұстай алмай, сондай қатты қуандық. Сене алмадық. Өзім eGov сайтына кіріп келісімімді бердім және туыстарыма, айналамдағы кісілерге насихаттап жүремін. Себебі біз сияқты науқас балалар өте көп.
Қазір, мәйіттік донор болуға келісетіндер көбейген. eGov порталында олардың саны 3,5 есеге артыпты. Бұл - ағарту жұмыстарының оң нәтижесі дейді-мамандар. Мәселен, былтыр тек 3-4 ота жасалса, биыл 10 мәйіттік донор табылған. Сондай-ақ биыл алғаш рет 1 жасқа дейінгі балаларға донорлық бауыр алмастырылды. Ота күрделі болғанымен сәтті шықты.
Назгүл Жылгелдина, транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:
Осы жылы 10 мәйіттік донор болды. Бірақ жеті адам актуалды донор болды. Ал 3 донордың медициналық көрсеткіштері қарсы келіп, ота жасалмай қалды. Айта кету керек, қазір қоғамның мәйіттік донорға көзқарасы жоғарылап келе жатыр. Бізде 3,5 есе eGov порталында донор болуға келісім берушілер көбейді.
Ал қатерлі ісікке шалдыққан науқастар шегара аспай, енді елде емделе алады. Астанада ядролық медициналық орталық ашылды. Бұл - пациенттерді көп күттірмей, дер кезінде емді бастауына мүмкіндік бермек.
Индира Тілеулесова, Ұлттық ғылыми онкология орталығы радиациялық онкология және ядролық медицинаны енгізу бөлімінің жетекшісі:
Ядролық медицинаның игіліктері медицинадағы үлкен жетістіктердің бірі. Бірден бірнеше емдік және диагностикалық тәсілдерді біріктіреді. Радиоактивті фармацевтикалық препараттарды қолдану, қашықтықтан сәулелік терапия және жылдан жылға жетіліп келеді. Онкологиямен ауыратын 31 мың науқас Семейдегі жалғыз ядролық медицииналық орталыққа баратын. Кезекті те ұзақ күтетін. Енді Астанада ем-дом ала алады.
Елімізде ана мен бала өміріне де, ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл «Аңсаған сәби» бойынша он мың әйел ана атанды. Сондай-ақ алғаш рет ана құрсағындағы шаранаға операция жасалды. Жүкті әйелдердің босанғанға дейінгі тексерісі жетілдіріліп, қауіптің алдын алу шаралары ширады. Нәтижесінде, жаңа туған аналардың өлімі 15%-ға, сәбилердің шетінеуі 2%-ға азайды.
Майра Бейсен, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің бөлім басшысы:
Орталық азия мемлекеттірінің ішінде Қазақстан ашық жүрек операцияларын жаңа туған нәрестелерге жасайтын бірден бір ел. 1 жасқа дейінгі балаларға 75 пайыз ашық жүрек операциялары жасалынады. Босандыру ұйымдары жанында жаңа туылған нәрестелердің ауруын дер кезінде анықтап оларға тереңдетілген көмекті беруге мүмкіндік бар.
Динара Жарқынбек, тілші:
Ал елдегі өмір сүру ұзақтығы орташа индекспен 75 жасқа ұзарды. Ресми дерекке жүгінсек, бұл соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткіш. 251 медициналық мекеме пайдалануға берілді. Жаңа нысандар шалғай аймақтарда бой көтеріп, 1 мыңнан астам дәрігер жұмыспен қамтылды. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін 80 млн тг бөлініп, 30-ға жуық маман шет елде тәжірибесін шыңдап келді. Ұлт саулығы үшін отандық медицинаны жаңғырту жалғаса бермек.
Динара Жарқынбек