Биыл 500 млрд теңге инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 500 млрд теңге инвестиция тартылды

23.12.2024

Қостанайдағы ауылшаруашылығы техникасын утилизациялау зауыты инвесторлар есебінен іске қосылады. Қазір құрал-жабдықсыз, тек қаңқасы ғана тұрған өндіріс орнына инвесторлар 1,5 млрд теңге салуға дайын. Жоспар жүзеге асса кәсіпорын алдағы жылы жұмысын бастайды.

Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Жалпы аграрлы аймақ Қостанай - өндірісті өңірге айналып келеді. Биыл облысқа 500 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 77 пайызы жекеге тиесілі. Осылайша соңғы екі жылдағы шетелдік инвестиция 1 млрд АҚШ долларына жетті. Облыста машина жасау саласында 40 шақты кәсіпорын бар, оларда 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл шойын құю және вагондар серіппесін жасау зауыттары іске қосылды. Ал дәстүрлі аграрлық сала бір жылда 700 млрд теңгенің өнімін өндірді. Алдағы меже - өңдеу саласын дамытып, оның үлесін 70 пайызға дейін жеткізу. Бұл шикізатқа тәуелділіктен арылып, тауардың құнын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

Жуырда ірімшіктің 20 түрін өндіретін жаңа кешен іске қосылды. Аруана диірмен кешені пайдалануға берілді. Кондитерлік фабрика құрылысы басталды. Біз аймақта өсірілген және өндірілген өнімдерді өңдеуді жолға қоя алатын инвесторларды тарту үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу