Түркістан облысының Келес ауданында өркениеттен қалыс қалған ауыл бар. Үшағаш елді мекеніндегі асарлатып салған жалғыз мектептің тозығы жетіп тұр. Небәрі үш сынып бөлмесі бар білім ұясында қырықтан аса бала оқиды. Ал жоғары сынып оқушылары үш шақырым жердегі көрші ауылға қатынап жүр. Мұнда тіпті бірде-бір балабақша да жоқ. Жергілікті халық болса өзекті мәселе ондаған жылдар бойы шешілмей келеді, - дейді. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Үшағаш ауылының халқы бүгін ескі мектептің алдына кезекті рет жиналды. Барлығы аудан әкімдігінен мектеп салып беруді сұрайды. Себебі сексенге жуық баланың өміріне алаңдаулы. Үш шақырым жердегі білім ошағына қыстыгүні жіберуге қорқамыз дейді. Жол апаты жиілеген шақта аман қайтуын тілейді.
Ұлбазар Оразова, Үшағаш ауылының тұрғыны:
Мысалы, жер қар болады, мұз болады. Ондай кезде балаларымызды ұзаққа жіберуге жүрегіміз дауаламайды. Бұл жерде 7-8 баладан туған көпбалалы аналар көп. Сол балдарының жағдайына бола ұзаққа, Сарыағашқа, Шымкентке көшіп кетіп жатыр. Мысалы, мен білетін 5-6 үй кетіп қалды.
Ал ауылдағы жалғыз мектептің сиқы осы. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Қанша жөнделсе де тоз тозы шығып тұр. Қазір 47 бала білім алатын нысанның аядай бөлмелері талапқа сай емес. Қабырғалары жарылып, едендері ескіріп кеткен. От жақса қыста түтіндеп, есіктері дұрыс жабылмайды. Тек бейнебақылау камералары ғана өркениеттің белгісі ретінде тұрғандай. Ұстаздар болса оқушылар саны жылдан жылға азайып жатқанын айтады.
Мұрат Сариев, мектеп қызметкері:
Мына партаны неше жыл болған өзім қолмен істеп шыққанмын. Партаның барлығын істегенбіз. Мектебімізде жарылып жатқан жерін көрсетейін түтін шығып жатыр. Жөндеу жасасақ та болмайды. Жарамай қалған мектебіміз. Төбемізден су ағады. Қысты күні мектеп жылымайды.
Өзекті мәселені аудан әкімі ауысқан сайын айтамыз, - дейді ашынған жұрт. Алайда еш нәтиже жоқ. Жауаптылар тек уәде берумен шектеледі. Тіпті өздері қаржы жинап жасатқан жобалау сметалық құжаттары да ескіріп кетеді.
Пайызхан Естемесов, Үшағаш ауылының тұрғыны:
2016-шы жылы құжаттарын барлығын туралап, сметаларын түздік. Оны 2019-да істелместен мерзімі өтіп кетті. Одан кейін тағы да сметалары түзілді, ол 2022-ші жылдың ақырына дейін тағы мерзімі өтіп кетті. Сонымен енді үшінші мәрте әрекет қылып жатырмыз. Бірақ біз мына жақтан құжаттарын туралай алмай жатырмыз.
Үшағаштағы мектеп мәселесін аудандық білім бөлімінің басшылығы білетін болып шықты. Саманнан салынған білім ошағының орнына жаңадан мектеп салуға жобалық сметалық құжат жасалып жатқанын жеткізді.
Рахат Сәрсенбекұлы, Келес аудандық білім бөлімінің басшысы:
Келесі 2025-ші жылғы жоспарға енгізілген. Облыстық бюджеттен жаңа 150 орындық мектеп салу жоспарлануда. Конкурстық рәсімдер аяқталған жағдайда басталады деген ойдамын.
Яғни Үшағаштағы мектеп келер жылы салынатын төрт білім ошағының қатарына енген. Ал балабақша ашу мәселесі әзірге жоспарда жоқ, - дейді бөлім басшысы. Айта кетейік, Келес ауданында саманнан салынған тағы төрт мектептің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Айнұр Әбілқасымқызы