Алқабында астығы жайқалып, төскейінде төрт түлік өрген аграрлы аймақ Қостанайда өндіріс те өркендеп келеді. Елімізде шығарылатын автокөліктердің 60 пайызы осы өңірге тиесілі. Биылдың өзінде жалпы құны 125 млрд теңгеге жуық алты индустриалдық жоба жүзеге асты. Соның арқасында 1300 жұмыс орны ашылған. Ел экономикасына тың серпін берген Тобыл өңіріндегі ірі өндіріс орындары жайлы тілші репортажы.
Өз жұмысын 2010-шы жылы бастаған машина жасау зауыты өндірісті жолға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда әлемге танымал бес брендтің маркалары құрастырылады.
Былтыр 90 мың көлік шығарылған. Биылғы меже де осындай. Зауытта 3500 адам еңбек етеді. Дені жастар. Кәсіпорын жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға баса назар аударады.
Әнбаға Ақарыс, жұмысшы:
Жұмысқа апарып, алып келетін автобустар тегін. Тегін тамақтанамыз. Спортпен айналысқың келсе спорт залы да бар.
Зауытта жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылып отырады. Биыл мамандарды өндірістік оқыту орталығы құрылды. Пластик бөлшектерді бояу, шевролет оних көлігін құрастыру цехы ашылды. Сапасы көңілге қонымды, бағасы қолжетімді көліктің бұл түрі зор сұранысқа ие.
Әділ Шәйкемелов, оқшаулау бөлімінің басшысы:
Бір ғана қазан айында алты мыңнан аса көлік шығарып саттық. Соның 30 пайызы шевролет брендіне тиесілі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда осы маркалы көліктің өндірісі 64 пайызға көбейгенін көрсетіп отыр.
Биыл аймақта жүзеге асқан тағы бір ірі жоба «Камлит кз» зауытының іске қосылуы. Бұл жерде жүк көліктеріне арналған ауыр бөлшектер шойыннан құйылады. Өндіріс толық қуатына енгенде жылына 164 мың дайын тауар өндіріліп, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. Биылғы меже 2300 шойын бұйым құю. Зауыт өніміне шетелдік машина жасау кәсіпорындарынан да сұраныс бар.
Ал Киа зауытының құрылысы 2023 жылдың қарашасында басталды. Жоспар бойынша биыл аяқталады. Алдағы жылы желіден алғашқы көліктер шығарыла бастайды. 1500 адам жұмыспен қамтылып, жылына 70 мың көлік құрастырылатын болады.
Ерлан Төлетаев, «Kia Qazaqstan» ЖШС департамент директоры:
Жоба құны 200 млн АҚШ долларынан асады. Оның 80 пайызы оңтүстікореялық киа компаинясының инвестициясы. Өндіріс толық автоматтандырылған.65 роболтты техника құрылғысы орнатылады. Мамандар дайындау жұмысы да қосымша жүріп жатыр. 8 техникалық оқу орнымен келісім шарт жасалды.
Қостанайда трактор және ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыттар да жұмыс істеп тұр. Жалпы өңірде машина жасау саласында 40-тан астам кәсіпорын бар. Оларда 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға біртіндеп өсу үстінде. Осылайша аграрлық аймақ өндірісті өңірге айналып келеді.
Дәуренбек Әбдібек