Енді жасанды интеллект әкімдерге ақыл-кеңес береді. Яғни қай аймақта қандай мәселелерді шешу керектігін көрсетіп, көмектеседі. Үкіметтің көшпелі отырысында жаңа цифрлық технологияларды енгізу мәселесі талқыланды. Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, елімізде 6 миллионнан астам адамның деректері Отбасылық карта бағдарламасына енгізілген. Премьер-министр жасанды зейіннің ұсыныстарын апта сайын барлық өңір әкіміне жіберіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін ақпараты жинап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді. Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер жаңа технологияның құралдарын оқып-меңгереді. Білім және ғылым министрлігі жасанды интеллект бойынша оқу бағдарламасы мен арнайы курстарын әзірлемек. Ал ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды, - деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгінде азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Оларды қалай пайдалану керектігі туралы халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Қазір елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті құралдарын енгізіп, іске асырып жатқан өндіріс орындары бар. Цифрлық даму министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктерге осындай кәсіпорындардың нақты шараларын қабылдауды тапсырамын.
Жасанды интеллект еліміздегі заңсыз қоқыс үйінділерін де азайтуға көмектесіп жатыр. Жерсерік суреттері өңделіп, құзырлы мекемелерге жіберіледі. Осылайша уақытында шара қолданбаған 159 қызметкер жауапқа тартылды. Ал қаржы министрлігі келер жылдан бастап мемлекеттік бюджетті жоспарлау үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінбек. Жаңа технологияның қазақшасы әзірге шорқақтау. Оны түзету үшін жүйедегі мәліметтер қорын көбейту қажет.
Жаслан Мәдиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Қазіргі таңда біз үлкен қазақ тілінің моделін әзірледік. Назарбаев университеті және Ғылым министрлігімен бірге осы модельді дайындадық. Енді оны дамыту керек. Ол үшін жаңа функционалдар қосу керек. Ол сөзді мәтінге айналдыру функциясы, визуал модель функциясы, сосын мультимодальдық түрін дамыту керек.
Шерхан Жамбылұлы