Алматыда сүзу мембраналарын өндіретін цех ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сүзу мембраналарын өндіретін цех ашылады

24.12.2024

Алматыда сүзу мембраналарын өндіретін цех ашылады. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес «Almaty Finance» компаниясы жобаны жүзеге асыру үшін 500 млн теңге бөлген. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың 2-тоқсанына жоспарланған.

Өндірілетін сүзгілер қоспалар мен тұздарды жоюға мүмкіндік береді, дейді жоба авторлары. Яғни, жоба су сапасын арттыруға бағытталған. Өндіріс іске қосылса, су тазарту технологияларын дамытып, инфрақұрылымды жақсартуға сеп болмақ.

Жұлдыз Игенов, «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

Қаржыландыру «Алматы бизнес - 2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Несие көлемі - 500 млн теңге. Оның 290 млн теңгесі құрал-жабдық сатып алуға, ал 210 млн теңгесі шикізат пен материал алуға бағытталады.

Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Қаржыландыру мерзімі – 5 жыл. Айналым қаражатын толықтыруға қосымша 3 жыл беріледі.

Александр Нарижный, «Экотэк инжиниринг» ЖШС құрылтайшысы:

Өндірісте шикізатты сатып алу және дайындаудан бастап, мембраналық элементтерді өндіру мен жинау, сондай-ақ сапасы мен беріктігін тексеру, қаптау сияқты жұмыстар атқарылады.

Кәсіпорын «Физико-техникалық институтының» аумағында құрылады. Оған 300 шаршы метр жер бөлінген. Бірінші кезеңде кәсіпорынның қуаттылығы жылына 8 мың данаға дейін мембрана өндірсе, үш ауысымдық жұмыс тәртібіне көшкеннен кейін бұл көрсеткішті 20 мыңға жеткізу жоспарланған.

Ержан Көлдеев, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры:

Теңіз суын тұщытып, оның минералын төмендетіп, өндіріске пайдалануға, тіпті ауыз суына айналдыратын технология жасап жатырмыз.

Қазір әлемде таза ауыз су мәселесі өзекті. Әлем халқының жартысына жуығы тіршілік көзінің тапшылығын сезінеді. Бұл Қазақстанды да айналып өтпейді, - дейді мамандар. Сондықтан бұл жоба еліміздің ауыз су қауіпсіздігіне оң ықпалын тигізбек, дейді жоба авторлары.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу