ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтті

25.12.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Онда тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективасы мен ұйым қызметінің басым бағыттарын талқылады. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Санкт-Петербург. Осы қалада достастық елдері басшыларының әр жылдың соңында бейресми жиында бас қосуы дәстүрге айналған.

Алайда бұл жолы президенттер Петербургтен 80 шақырым жердегі «Игора» тау-шаңғы кешенінде жиылды. Бұл шешім Саммитті ресми реңктен барынша арылту үшін жасалған сыңайлы.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шара өтетін жерге алғашқылардың бірі болып жетті.

Саммитке бас-аяғы 7 елдің басшысы ғана келді. Армения премьері Никол Пашинян «коронавирус жұқтырдым» деп келе алмайтынын бүгін таңертең жариялады. Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңында болған ұшақ апатына байланысты саммитке қатыспастан бортын кері қайтарған.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

Жиынды бүгін Ақтауда болған қайғылы оқиғадан бастауға мәжбүр болып отырмын. Ұшақ құлады. Опат болғандар бар. Жарақат алғандар көп. Осы отырған бәріміздің атымыздан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтқым келеді. Ал ауыр жағдаймен ауруханаға түскендердің сауығып кетуін тілейміз.

Путин Қазақстан Президентімен келісіп Ақтауға Ресейден құтқарушылар мен дәрігерлер мінген арнайы ұшақ жөнелткенін айтты. Биыл ТМД-ға Ресей төрағалық етті. Сондықтан Путин жылдың қорытынды мәліметтерін келтірді. Мәселен ұйымға мүше елдердің ішкі жалпы өнімі биыл 4,7 пайыз өсім көрсеткенін мәлімдеді.

Дмитрий Ланко, Санкт-Петербург Мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы, саяси ғылымдар кандидаты:

Биыл ТМД аумағында қызмет көрсету саласындағы еркін аймақ құру жөнінде келісімге қол қойылды. Тауар саудасына қатысты осындай аймақ бұрыннан бар еді. Ал тауар саудасы қызмет саудасын соңынан ілестіріп отыратыны түсінікті. Сондықтан мұндай келісімге келу заңды еді. Енді нәтижесін көре бастаймыз.

Сарапшылар Достастыққа үшінші мемлекеттер үшін бақылаушы және серіктес мәртебесінің құрылғанын да жетістік ретінде атап өтті.

Александр Кетов, Кәсіподақтардың Санкт-Петербург гуманитарлық университеті конфликтология кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты:

Мәселен Иран ТМД ұйымына бақылаушы мәртебесін алғаны екі тарапқа да тиімді болар еді. Жалпы бұл ел кейінгі екі жылдан бері Ресеймен және Достастық елдерімен тығыз байланыс орнатып келеді. Оның мүддесі көп. Геосаяси ахуалға да байланысты, әрі Каспий теңізі аясындағы қарым-қатынасқа да байланысты.

Дмитрий Ланко, Санкт-Петербург Мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы, саяси ғылымдар кандидаты:

ТМД-ға үшінші мемлекеттер ғана емес, өзге халықаралық ұйымдар да бақылаушы мәртебесін ала алады деп келістік. Бұл жерде ең алдымен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы меңзелген сыңайлы. Сол сияқты ТМД-ның өзіне Біріккен ұлттар ұйымы аясында қандай да бір мәртебе алу мәселесін қарастыру керек деп есептеймін.

Ұйымға мүше елдердің халқын екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс те біріктіреді. Алдағы мамыр айында Мәскеудің Қызыл алаңында мерейтойлық әскери шеру өтпек.

Анастасия Николаенко, «Ранхигс Санкт-Петербург» халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты:

Келесі жылы аталып өтетін Жеңістің 80 жылдығына әзірлік мәселесі бүкіл посткеңестік кеңістік үшін маңызды. Бұл дата ТМД-ға мүше барлық мемлекет үшін маңызды. Осы бағыттағы тарихи-мәдени мұра бойынша байланыс үзілмеуі керек.

Ендігі жылы ТМД-ға Тәжікстан төрағалық етеді. Ал Президент Қ.Тоқаевтың Ленинград облысына сапары ертең де жалғасады. Мұнда Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді деп жоспарланған.

Данияр Қаратай


Хабарламаларға жазылу