Ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың отбасына көмек беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың отбасына көмек беріледі

26.12.2024

Ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына көмек көрсетіледі. Ақтау қаласына Астанадан және Ресейден жеткен дәрігерлер тобы аман қалған азаматтарға тиісті медициналық көмек беріп жатыр. 7 адамның жағдайы өте ауыр деді Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев.

Ақтауда Үкіметтік комиссия жұмысын бастады. Министрлер мен ведомства басшыларының орынбасарларынан құрылған топ алдымен ұшақ құлаған жерге барып, ауруханадағы науқастардың жағдайымен танысты. Содан соң штаб отырысы өткізіліп, құзырлы органдарға құтқару жұмыстарын жалғастыру, зардап шеккендерге қолдау көрсету және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша тапсырма берілді. Комиссия мүшелері бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, оқиғаның мән-жайын баяндады

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Өкінішке қарай, ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тапты. Марқұмдардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Олар Ресей, Әзербайжан мен Қазақстанның азаматтары. Апаттан тірі қалған 29 адам ауруханада ем алып жатыр. Бір бала мен 11 ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Астанадан санавиациямен келген дәрігерлер жұмыстарына кірісті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, қаза тапқан қазақстандық 6 азаматтың әлеуметтік мәртебесі анықталып жатыр. Соның аясында қажетті әлеуметтік көмек тағайындалады.

Айта кетейік, 6 адамның 4-і Маңғыстау облысының, біреуі Қостанай, енді бірі Астана қаласының тұрғыны. Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев марқұмдардың отбасына тиісті көмек көрсетілетінін, жерлеу, мәйітті жеткізу жұмыстарын қолға алатындарын айтты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Бортта Әзербайжаннан 37 жолаушы болған. Оның 34-і қаза тауып, 14-і аман қалды. Қырғызстаннан 3 адам болды, олар аман. Ресей Федерациясынан 16 жолаушы болған. Оның 7-і қайтып, 9-ы аман қалды. Қазақстаннан 6 адам болған. Өкінішке қарай отандастарымыздың бәрі де қаза тапты. 5 адамнан құралған экипаж мүшелерінің екеуі қайтыс болды.

Жедел тергеу тобы шетелдік мамандармен бірге жұмыс істеп жатыр

Ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу шаралары басталған. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиға болған аумақ қоршалып, бақылауға алынған. Тиісті сот техникалық және сот медициналық сараптамалар тағайындалып, зардап шеккендерден жауап алынуда.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Біздің құтқарушылар оқиға орнына 8 минутта жетті. Сағат 11:34 те құтқару бөлімшесі мен медициналық апаттар орталығы мамандары өз міндеттерін жоғары дәрежеде орындап шықты. Қазір жұмыс жалғасуда. Жедел тергеу тобына көмектесіп жатырмыз. Әжербайжан мен Ресейден келген әріптестеріммен жұмысты жалғастырамыз.

Комиссия мүшелері ұшақ апатына қатысты алдын ала болжам айта алмады. Төтенше оқиғаның нақты себебі тергеу амалдарынан кейін белгілі болмақ. Ал қылмыстық істің тергелуі Бас прокурордың бақылауында.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу