Иә, ұшақ апатынан опат болған алты отандасымыздың бірі достарымен кездесуге, енді бірі демалысқа, ал кейбірі жұмыс бабымен ұшқан. Көз жұмғандардың жақындары әлі естерін жия алмай отыр. Олармен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тілдескен еді. Сюжетке зер салайық.
Әлеуметтік желіден естідік. 6 Қазақстандық азамат бар екен деп. Бірақ ойымызға кіріп-шыққан жоқ біздің әріптесіміз сол тізімде болады деп...
Күні кеше ұшақ апатынан көз жұмған Гауһар Шаймерденованың өліміне әріптестері мен жақындары әлі сене алмай отыр. Марқұм өте мейірімді әрі адал адам болғанын айтады. 20 жыл бойы нотариус болып істеген әйелдің артында 19 жастағы ұлы мен 70-тен асқан анасы қалды. Марқұм Грозныйдағы достарымен кездесіп, жаңа жылды сонда қарсы алуды жоспарлаған. Жанында болған 11 жастағы ұлы Эльдар да осы апатта көз жұмды. Ал Гаухар Шаймерденованың әріптестері соңғы рет төрт күн бұрын жаңа жыл кешінде бірге болғандарын айтады.
Құралай Унаева, марқұм Гауһар Шаймерденованың әріптесі:
Ол – өте мейірімді, қарапайым адам. Жан-жағындағы адамдарға болсын деп жүреді. Қасындағы көмекшілеріне, достарына, жақындарына мейіріммен қарайтын жан. Қаралы хабар ешкімге оңай тиген жоқ. Аяқ астынан болды, ешкім дайын болған жоқ ондай хабарды естуге. Кеше ғана күліп-ойнап, арамызда билеп жүрген жан болғаннан кейін ондайға қимайсың...
Ұшақ апатында көз жұмған тағы бір отандасымыз – Салима Жутаева. 29 жастағы стоматолог Қостанай облысында туған. Марқұм өзінің әлеуметтік парақшасында Қарағанды және Грозный қалаларында тұратынын көрсеткен және саяхаттауды ұнататынын жазған. Оны таныстары өте жауапты әрі ұқыпты қыз болғанын айтады.
Лилия Жұмабекова, марқұм Сәлима Жұтаеваның әріптесі:
Ол бізде 3 жыл тәжірибеден өтті. Өзін өте жауапты, білікті маман ретінде көрсетті. Басшылық тарапынан ешқандай ескерту болған емес. Кейін жеке клиникаға жұмысқа орналасты. Туған туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Апатта қаза тапқан Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесінов – Жаңаөзен қаласының тұрғындары. Ұзақ жылдар мұнайшы болып істеген марқұмдардың артында аңырап әйелі мен балалары қалды. Ал көз жұмған 46 жастағы Галина Махсудова Ақтау қаласының тұрғыны. Марқұмдарды жерлеу рәсімі аптаның соңында өтеді.
Нұрсұлтан Тілектес