Жастар мен ассамблея мүшелері қан тапсыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар мен ассамблея мүшелері қан тапсыруда

26.12.2024

Шымкент қаласының жастары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Ақтаудағы әуе апатынан зардап шеккен азаматтар үшін қан тапсырып жатыр. Жолаушылардың өмірі мен денсаулығына алаңдаған олар бұл іске көп болып ұйымдасқан. Қаладағы қан тапсыру орталығы мамандарының айтуынша, қазір күніне 80-100-ге тарта азамат келіп, қан өткізуде. 

Жазира Пірәлі, Шымкент қаласының тұрғыны:

Ол кісілерге қазір үлкен қолдау қажет деп ойлаймын. Қандастырымызға, бауырларымызға менің бір көмегім ретінде болса, беріп жатқан қаным сол кісілердің еміне, керегіне жараса өте қуанышты болар едім.

Артур Дрейлинг, Қазақстандағы неміс жастары одағы төрағасының орынбасары:

Мен мұнда апатқа душар болған азаматтарды қолдау үшін келдім. Мұндай қиын кездегі жанашырлық әрбір адамзат баласының парызы деп ойлаймын. Мен қанымды беру арқылы өзгелердің өмірін сақтап қалғым келеді.

Талдықорғанда еріктілер қан тапсырды

Ақтау маңында болған апатқа бей-жай қарай алмаған талдықорғандықтар да қан тапсырып жатыр. Қаладағы қан орталығына бір мезетте елуге жуық ерікті келіп, өз ниеттерін білдірді. Және өздері ғана келіп қоймай, жақындарын, достарын, бірге оқитын замандастарын да жақсылық жасауға шақырған. Ұшақ апаты барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Жарақат алғандардың ішінде қай елдің азаматы болса да қанымыздың түсі бір. Сондықтан біз мүмкіндігінше қолдау көрсеткіміз келді дейді, - донорлар.

Заида Құрмашева, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Қиын сәтте бірлігімізді көрсетіп, зардап шеккендерді жан-жақты қолдау өте маңызды деп ойлаймын. Біз осы қайғылы оқиғада зардап шеккендер үшін қатты алаңдаймыз. Және де осылай қан тапсыру арқылы өзіміздің көмегімізді беруді жөн көрдік.

Ғани Қалмахан, Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу