Президент ЕАЭО саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ЕАЭО саммитіне қатысты

26.12.2024

Мемлекет басшысы Ресейдің Ленинград облысына жұмыс сапары аясында Еуразия экономикалық одағының саммитіне қатысты. Онда Одаққа мүше елдер басшылары кедергісіз ішкі нарық құру мәселесі мен өнеркәсіп саласындағы кооперацияны дамыту жайына тоқталды. Әрі Одақтың басқа нарық ойыншыларымен қарым-қатынасына қарқын қоса түсудің маңыздылығына мән берді. Отырыстан соң тараптар бірнеше құжат бекітті. Санкт-Петербург маңындағы Игора тау-шаңғы кешенінде өткен Саммитті тілшіміз Данияр Қайыртай бақылады. Ол қазір бізбен байланысқа шығып тұр. Данияр, мемлекеттер басшылары кеңес отырысында қандай мәселелер талқылап, неге басымдық берді?

Данияр Қайыртай, тілші:

Кеш жарық, Армангүл, Санкт-Петербург түбіндегі курорттық аймақта өткен саммит, әдеттегідей, екі бөліктен тұрды. Түс ауа алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті. Бірақ оған «еуразиялық бестік» басшылары түгел келе алмады. Ұйымға биыл төрағалық етіп отырған Арменияның премьері Никол Пашинян коронавирус жұқтыруына байланысты қашықтан бейнебайланыс режимінде қосылды. Жабық форматта өткен жиын шамамен 2 жарым сағатқа созылды. Онда тараптар «Одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен негізгі міндеттерін» талқылады делінген Ақорда таратқан ақпаратта. Бұдан соң басқосу Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына жалғасты. Бірақ бір ерекшелігі онда мемлекеттер басшылары сөз сөйлеген жоқ. Бақылаушы елдерге қысқа ғана сөз берілді де, құжаттарға қол қою рәсімі болды. Халықаралық құжаттың бірі – Одақтың келісімшартына демпингке қарсы шараларды қолдануға қатысты процедураларға өзгеріс енгізуді көздейді. Екіншісі – Бірыңғай кедендік транзит жүйесі жөніндегі шарт. Соның арқасында үшінші тараптар Одақтың транзит жүйесіне қосылуға мүмкіндік алмақ. Бұл, әсіресе, Одаққа кірмейтін Орталық Азиядағы көршілеріміз бен Қытайға тиімді болуы мүмкін деп болжанып отыр. Осыған байланысты Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың сөзін алдын ала жазып алғанбыз.

Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:

Келісімнің негізгі мақсаты – жүк жеткізу кезіндегі бизнеске түсетін салмақты азайту арқылы тасымал ісін жеңілдету. Бұл айналып келгенде соңғы тұтынушыға маңызды.

Жалпы айта кетуім керек, биыл мамыр айында Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімшартқа қол қойылғанына 10 жыл толған еді. Мұны саммит барысында президенттер де атап өтті. Осы жылдар ішінде «еуразиялық бестіктің» ішкі жалпы өнімі шамамен 1 жарым трлн доллардан 2 жарым трлн долларға дейін ұлғайған. Өзара сауда-саттық көлемі де өсті. Екі есе. Бұрын 45 млрд доллар болса, қазір 90 млрд долларға жуықтап қалды. 180 млн тұтынушысы бар нарық өзге ойыншыларға да қызық. Мәселен Одақтың серіктесі болып келген Иран бұдан былай бақылаушы ел болмақ. Биылдың өзінде «еуразиялық бестікке» Ираннан әкелінетін тауар көлемі 13 пайызға, ал импорт 9 пайызға ұлғайған. Одақ келесі жылы БРИКС-пен диалогты да бір жүйеге келтірмек. Айталық, осы жылдың 9 айында «бестіктің» Мысырмен тауар айналымы 27 пайыз, Эфиопиямен 18 пайыз өскен. Жалпы Еуразия экономикалық одағының өзегі саналатын негізгі келісімшарт ортақ нарықта «төрт еркіндік» қағидатын сақтауды көздейтінін Қазақстан президенті үнемі еске салып отыратын. Яғни «еуразиялық бестік» аясында жұмыс күші, тауар, қызмет пен капитал емін-еркін айналымда болуы керек. Алайда бұл іргелі міндеттер көбіне орындала бермейтіні жөнінде сын бар. Комиссия оны жоюға үнемі күш салып отыр делінеді. Мысалы, биыл ішкі нарықта 9 түрлі кедергі жойылған деген мәлімет берілді. Одақтағы төрағалық Армениядан Беларусияға өтті. Тараптар енді келесі жылдың мамырында бас қосады.

Данияр Қаратай

Хабарламаларға жазылу