Бүгін түс ауа ұшақ апатынан аман қалған әзербайжандық 14 азамат та Бакуге аттанды. Қазір облыстық ауруханада 6 науқас ем алып жатыр. 4-еуінің жағдайы әлі де ауыр.
Медицина қызметкерлері апаттан зардап шеккендерге қажетті ем-домның бәрін көрсетті. Кешеден бері күшейтілген режимде жұмыс істеген олар науқастардың тез есін жиып, сауығуына бар күшін салды. Соның арқасында барлығы 23 адам еліне оралды.
Ұшақ бортсерігі әзербайжандық Айдана Ригимли апаттан аман қалғандардың бірі. Науқас өз елінен келген жерлестерін көргенде, көз жасына ерік берді. Жағдайы тұрақталған стюардесса осыдан бірнеше сағат бұрын ғана еліне қайтты. Онымен бірге тағы 12 ересек және бір бала Әзербайжанға аттанды.
Ал, әзербайжандық Сафар Набиев Ақтауға туысын іздеп келген. Жеңгесі ұшақта болған жолаушылардың тізімінде бар. Бірақ, тірі қалғандардың да, қаза тапқандардың да арасынан табылмады.
Сафар Набиев, Әзербайжан Республикасының азаматы:
Мен немере ағамның жұбайы, жеңгемді іздеп келдім. Жасы 42-де. Екі баласы бар. Ол Шешенстанға қызына бара жатқан еді. Жеңгем бортта болғандардың тізімінде тұр. Бірақ, қаза тапқандар мен тірі қалғандардың арасынын таппай жатырмыз. Мүгедек болсада көз алдымызда тірі болғаны жақсы ғой, үмітімізді үзбейміз, - дейді Әзербайжан азаматы.
Қырғыз ағайындар да өз азаматтарын алып кетуге дайын. Ақтаудағы қырғыз этно-мәдени бірлестіктің төрағасы Маматқадыр Наркозуев қандастарының жағдайын көзбен көріп, қуанышын жасыра алмады. Айтуынша, 20-дағы жігіттер қатты есеңгірегені сонша, апатқа дейінгі жағдайды естеріне түсіре алмапты.
Маматкадыр Наркозуев, Қырғыз этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
Бізде Қырғызстаннан Грузияға тікелей рейс жоқ. Екеуінің жағдайы жақсы кіріп шықтым, біреуі реанимацияда. Қырғызстан миграция министрлігіне рахмет. Қазақстанға разылығын білдіріп жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір облыстық ауруханада жатқан 6 адамның 4-інің жағдайы ауыр. Бұған дейін құзырлы орган өкілдері кім екенін анықтай алмаған әйелдің Әзербайдан азаматшасы екені белгілі болды. Отандық дәрігерлер шетелдік мамандармен қоса қалған науқастарды аман алып қалу үшін барын салуда.
Аягөз Оралбайқызы