Түркістан өңірі мен Өзбекстанның Жызақ облысы арасында экономикалық және мәдени қарым-қатынас нығаяды. Бұл туралы Қазақстан елшісі және іскер топ өкілдерінің жұмыс сапары барысында айтылды. Елімізден барған делегация Өзбекстанда тұратын қандастармен де кездесті.
Екі жақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім қазан айында Самарқанда өткен өңіраралық форум аясында жасалды. Бұл жолғы сапар аталған келісімнің жүзеге аса бастағанын көрсетеді. Қазақстандық кәсіпкерлер Жызақтағы еркін экономикалық аймақта болып, өндіріс нысандарының жұмысымен танысты.
Қанат Шонбасов, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
Өнеркәсіп жағынан сауда-саттықты дамыту бойынша және мынау шекаралас жатқан аумақта шекарадан өтуді жеңілдету бойынша сұрақтарды талқыладық. Солардың шешімін табу бойынша жұмыстар атқарылады.
Іргелес жатқан қос аймақтың әлеуетін арттыру үшін өндірілетін тауарлар тізбесін зерделеу қажет. Бұл өзара сауда-саттықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату маңызды. Жызақ облысында 30 мыңға тарта қандасымыз тұрады. Өңірде қазақ тілінде білім беретін 6 мектеп бар.
Өтеп Сейдаманов, Жызақ облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы:
Осы жерде балалар оқып, өсіп-өніп жатыр. Бұл тыныштықтың белгісі, «Бірлік болса, тірлік болады» дейді. Еліміз тыныш болсын.
Жас ұрпақтың салт-дәстүрді ұмытпай, қазақы қалпын сақтап өсуіне қазақ ұлттық мәдени орталығының ықпалы зор. Елші Бейбіт Атамқұлов жергілікті қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Қазақстанмен байланысты одан әрі нығайту жайы талқыланды. Қазақ мәдени орталығына төл тіліміздегі әдебиет пен оқулықтар тарту етілді.
Базаркүл Отыншиева