Еліміздің 15 қаласында ауаның ластану деңгейі жоғары. Әсіресе Алматы мен Қарағанды қалаларында жағдай мәз емес. Бұл туралы Премьер-министрдің төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесте айтылды. Мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ. Мәселен, Алматы әкімі аймақта атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелері әзірленгенін, сондай-ақ Жылу Электр Орталығының жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Осылайша ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі 93%-ға азаймақ. Ал Қарағанды облысының әкімі Олжас Бектеновке Балқаш, Абай, Қарқаралы қалаларында және бірқатар ауданда сұрыптау желісі бар 6 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу жоспарланғанын баяндады.
Азамат Тайжанов, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Сонымен қатар биылғы жылы қоқысты пайдалану ережесі облысымызда қабылданды. Осы ережеге сәйкес әр жыл сайын 500 млн-ға жуық қаражат осы бағытта қарастырылатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы орталығында зиянды заттар көлемі 5,2 мың тоннаға төмендеді. Облыс әкімінің айтуынша, күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын толық тазарту үшін қондырғы құрылысы басталды. Бұл ауаға бөлінетін күкірт диоксиді көлемін 1,6 мың тоннаға азайтады. Премьер-министр сарапшылар тарапынан айтылған ұсыныстарды пысықтап, «жасыл экономикаға» көшу бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді тапсырды.
Олжас Бектенов «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді