Жас физик Орталық Азияның үздік мұғалімі атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас физик Орталық Азияның үздік мұғалімі атанды

27.12.2024

Орталық Азия бойынша үздік жас физик Таразда тұрады. Оқушыларға физика пәнінен сабақ беретін жамбылдық жас ұстаз желі жұлдызына айналды. Мирлан Жусанбаевты Тик-ток платформасы Орталық Азияның үздік мұғалімі деп таныды. Өйткені ол физикалық заңдылықтарға өз бетінше тәжірибе жасап, желіге жүктеп отырады. Жеке парақшасын ғылыми контентке айналдырған ұстаздың зертханасында Данияр Әлімқұл болып қайтты.

Осыдан 10 жыл бұрын «Назарбаев зияткерлік мектебіне» мұғалім болып келген Мирлан бүгінде мықты маманға айналды. Ол білгеніңмен бөлісу білім мен ғылымды дамытады деген ұстанымда. Сондықтан ол физика заңдылықтарына жасаған тәжірибелік сабақтарын таспаға түсіріп, желіге жүктеп отырады. Бұл оқушының қызығушылығын оятып, қабілетін дамытады дейді.

Мирлан Жусанбаев, физика пәнінің мұғалімі:

Мен өзім мектеп оқушысы болған кезде мұндай эксперименттерді мұғалімдер өткізбейтін. Яғни физиканы түсіну өте қиын болатын. Қазіргі заманда қол астымызда бүкіл құрал-жабдық бар. Жақсы физик болу үшін балаға тек қана қызығушылық керек. Егер бала осы эксперименттерді өз қолымен жасайтын болса, ол оны өмір бақи есіне сақтап қалады.

Мирланның бейнероликтері ТМД кеңістігінен ары асып, әлемдік деңгейде әдістемелік құралға айналып келеді. Қаралымы 7 млн-ға жетіп қалған. Оны тик-ток желісінің әкімшілігі білім бағыты бойынша «Орталық Азиядағы үздік креативті контент иесі» деген марапатқа лайық деп тапты.

Медина Әбдіхамит, оқушы:

Мен олимпиададан ағайдың үйреткені бойынша бірінші орын алдым. +Біздің ағай барлығы өзінің қолымен көрсетеді, яғни барлығын тәжірибе арқылы бізге жеткізеді және біз соны көзімізбен көргенде ол бізге түсініктірек болады.

35 жастағы ұстаз былтыр зияткерлік мектептер арасындағы байқауда «Жыл мұғалімі» атанды. Ал биыл «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын жеңіп алды. Енді ол келер жылы шет елде өтетін «Әлем мұғалімі» байқауында бақ сынамақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу