Биыл Жетісу облысында 55 ауылға табиғи газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Жетісу облысында 55 ауылға табиғи газ берілді

28.12.2024

Жетісу облысында биыл 55 ауылға табиғи газ кіріп, халық өркениет игілігін көре бастады. Жыл соңына дейін тағы 8 ауылға көгілдір отын тартылып, газдандыру деңгейі 56,5 пайызға жетпек. Президент тапсырмасына сәйкес өңірді толықтай табиғи газбен қамту жұмысы 2028 жылы аяқталуы тиіс.

Бір күнде облыста тағы екі елдімекен табиғи газға қосылды. Солардың бірі Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылы. Мұнда 2400 адам тұрады.

Газ таратушы кәсіпорын көгілдір отынды алғашқы болып 82 жастағы Асылбике Аязбаеваның үйіне тегін кіргізіп берді. Өмір бойы пеш жағып қиналған кейуананың алғыстан басқа айтары жоқ.

Асылбике Аязбаева, ауыл тұрғыны:

Бұл деген жақсы ғой. Құдай-ай көмір дегенің дүниенің қорлығы екен. Рахмет! Мың да бір рахмет! Қуанышыма ешқандай, ештеңе жетпейді.

Газ құбыры елді-мекеннің барлық көшесіне тартылды. Тұрғындар енді көпке ұзатпай ақ қосылып аламыз деп отыр. Ең бастысы табиғи газ ауамызды ластамайды, көмір алып шығынданбаймыз деп қуануда.

Марат Қашкенов, ауыл тұрғыны:

Газ келсе әрине бірінші көмір, отын. Содан кейін мынау қара түтін мен күйе ғой енді негізгісі. Содан кейін мынау шет-шеттегі көк ағаш шабылмайды. Ол да енді экологияға үлкен көмек шығар.

Биыл жалпы алғанда 30 елді-мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланды. Ал келер жылы табиғи газы бар ауыл саны 63-ке жетеді. Мұнан бөлек Талдықорған- Үшарал газ магистралі тартылып жатыр. Бұл жоба бірден үш аудан халқына табиғи газ жеткізуге мүмкіндік береді.

Азамат Кемелов, Жетісу облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Келесі жылы тағы 63 елді мекен. Кербұлақ ауданы, Панфилов ауданы, Талдықорған қаласының микрорайондары және Көксу, Ескелді аудандары газдандыралады.

Жобаларды жүзеге асыру арқылы 192 ауылды табиғи газбен қамту көзделген. Бұл шамамен облыс халқының 92 пайызы.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу