Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті.
Оған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Хатта Мемлекет басшысы университеттің мерейлі белесі ұлттық ғылым және тұтас білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға екені айтылған. Сондай-ақ қазір білім ошағы Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр, ал оның түлектері еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді, деп жазылған. Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде университет ұжымын, студенттері мен түлектерін мерейтоймен құттықтады. Салтанатты іс-шарада университет қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталып, жас ғалымдарға пәтер кілті берілді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Екі жыл бұрын университетке зерттеу университеті мәртебесі берілді. Оның өзі мәртебелі көрсеткіш. Жұртшылық «КазГУград» деп атап кеткен қалашықтың еліміз үшін маңызы зор. Оны Алматының бренді, тұтас дәуірдің төлқұжаты деуге болады. Әл-Фараби университеті 90 жылдық мерейлі белесіне, зор жетістіктермен жетіп отыр. Қазір мұнда түрлі бағытта 400-ге жуық ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.
Айдана Қуантхан