Ұшақ апаты: Қара жәшіктер бразилиялық мамандарға табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апаты: Қара жәшіктер бразилиялық мамандарға табысталды

30.12.2024

Кеше Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта арнайы мамандардың қатысуымен жиналыс өтті. Онда комиссия Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты жұмыс жоспарын айқындап, бірқатар шешім қабылдады. Толығырақ әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланыста баяндауға әзір. Нұрсұлтан, жиында комиссия мүшелері қандай шешімдер шығарды?

 Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Көлік министрінің төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Олар оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің қалдықтарын жинайтын күн бірлесе бекітіледі. Сондай-ақ комиссия халықаралық азаматтық авиация ұйымының ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, қара жәшіктерді Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына жіберу туралы шешім қабылдады. Сол жақтан зерттеулер жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы егжей-тегжейлі анықталмақ. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Ал облыстық ауруханада ұшақ апатынан зардап шегіп, ем қабылдап жатқан 6 науқас қалған еді. Қырғызстан және Әзербайжан елі азаматтарының жағдайлары тұрақталды. Кеше Қырғызстан елінің 3 азаматы өз елдеріне қайтарылды. Соның ішінде қырғыз азаматы Ерланның айтқан сөзі көпшілікке ерекше әсер қалдырған еді.

Ерлан Джунушалиев, Қырғыз елінің азаматы:

Адамдар тұр екен, кімсіңдер деп сұрағанда қазақпыз деді. Жылап жібердік. Біз ойлағанбыз басқа мемлекетке құладық деп. Қазақ біртуғандарға разымыз, алғашқы боп көмекке келді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Қазір облыстық ауруханада Әзербайжан елінің 3 азаматы қалды. Ол елден де арнайы мамандар келді. Олар түске дейін өз елдеріне жіберілуі тиіс еді. Бірақ техникалық ақауларға байланысты кешке жолға шықпақ. Түркиядан келе жатқан арнайы бортты күтіп отыр.

 Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу