Қазақстанда орта есеппен жылына 500 мың тоннадан астам нан пісіріледі. Бір адам он екі айда 60 келіге жуық сүт және ағарған тағамдарын тұтынады екен. Әр шаңырақта дастарханнан ас атасы мен құрт-май, айран және ірімшік үзілмеуі үшін наубайшылар мен малшылар күндіз-түні тынымсыз еңбек еді.
Дәурен Есенбаевтың жұмыс күні таңсәріден басталды. Малшы кешке дейін тыным таппайды. Бала кезден төрт түлік баққанын айтады. Мол тәжірибенің арқасында малдың сырын жақсы біледі.
Дәурен Есенбаев, малшы:
Қарамаса, мал өспейді. Ауырып тұрса, бұзаудың көңіліне қарайсың ғой. Бұзау ауырса, ветдәрігер шақыртасың.
Бұл - Петропавл қаласындағы нан-тоқаш комбинаты. Кәсіпорын бір ғасырдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Өңір халқы жылына орта есеппен 18 мың тонна нан тұтынады. Басым бөлігі осы комбинатта пісіріледі. Дүкендерге ұн тағамдары үздіксіз жеткізіліп тұру үшін ұжым аянбай тер төгеді.
Гүлсара Жамұқанова, наубайшы:
Қонаққа барғанда менің наным тұрғанда кеудеңді қуаныш сезімі кернейді, мен пісірген нан деп. Біз мерекеге қарамаймыз. Тоқтамай жұмыс істей береміз. Нанымыз Астанаға, Алматыға, Ресейге де кетеді.
Қала халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» мекемесінің бригадасы кезекті шақыртуға келді. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде көшедегі құдықтар жиі қатып қалады. Кей күндері құбыр жарылып, жұмысшыларды әуреге салады.
Көшкенбай Абраев, слесарь:
Су болмаса, тіршілік тоқтап қалған сияқты болады ғой. Қала тұрғындары диспетчерге өтініш береді. Келеміз де соны түгел істейміз. Құдық қатып қалыпты, жылытып, су бердік.
Апаттық бригада күніне орта есеппен 40-50 шақыртуға барады. Петропавлда 350 шақырымға жуық су құбыры бар. 98 мың абонентті сумен қамтамасыз ету үшін 700-ден астам адам еңбек етіп жүр.
Эльмира Кәленова