Қазақстандық өнертапқыш Әділ Жүсіпов ойлап тапқан брайль мобильді құрылғы АҚШ-та жоғары бағаланып, үлкен компаниялар грант бөлді. Себебі бұл зат құлағы естімейтін және көзі көрмейтін жандардың еш қиындықсыз өзге адамдармен байланыс жасауына мүмкіндік береді. Инженер-ғалым көп ұзамай өндірісті жолға қойып, өнертабысын әлемдік нарыққа шығармақ.
Әлемге әйгілі Сан-Францискодағы Стенфорд университетінде инженер-дизайнер мамандығы бойынша магистрлік дәрежесін алған Әділ қазір осы оқу ордасының зертқанасында ғылыми зерттеу айналысып жүр. Бүгін осы орталықта істейтін жас ғалымдарға өзі ойлап таққан құрылғының жетілдірілген нұсқасын көрсетті. Өнертапқыш оны ағылшын тілінде «покет дот» яғни қалта нүктесі деп атапты. Айтса, айтқандай, нүктелі брайль шрифтері орналастырылған ықшам пернетақта қалта телефонына магнит арқылы қосылады.
Әділ Жүсіпов өнертапқыш, Стенфорд университетінің ғылыми қызметкері:
Осы зертханада құрылғының корпусын жасаймын. Электроникасын дәнекерлеймін. Қазір 3D принтер корпусын жасап жатыр. Мынау ең жаңа принтер, жылдам жұмыс істейді. Сапасы өте жоғары.
Ғалым құрылғысын екі жылдың ішінде бірнеше рет өзгертіп жетілдірген. Ол үшін зағип жандармен түрлі зерттеу өткізіп, ұсыныс тілектерін ескерген және оларға арнап құрылғылар шығаратын ірі компаниялармен тұрақты байланыс орнатқан. Қазіргісі алтыншы нұсқа. Бұл құрылғы құлағы естімейтін, көзі көрмейтін жандар үшін күнделікті күйбең тірлігін едәуір жеңілдетпек. Енді кез келген уақытта және кез келген жерде өзгелермен қарым-қатынас орната алады. Ғаламтордағы ақпаратты еркін оқып, сыртқы әлеммен байланыс орнатып, оқу дағдысын арттыру арқылы сауатын көтеруге мүмкіндік болмақ. Тіпті өзгелер секілді телефон арқылы банк аккаунтына кіріп, ақша аударымдарын жасай алады.
Әділ Жүсіпов өнертапқыш, Стенфорд университетінің ғылыми қызметкері:
Көзі көрмейтін адамдарға ыңғайлы, кішкентай, қалтаға сияды және телефонға жеңіл қосылады. Қалтаға сиятын болған соң көзі көрмейтін адамдар кез келген жерде пайдалана алады. Келесі нұсқалары бұдан да жеңіл болып шығады деп ойлаймын.
Қазіргі нұсқасы да аса ауыр емес, 200 грамм шамасында. Бұл құрылғы америкалық зағиптарға ерекше ұнаса керек. Алдын ала жүздеген тапсырыс түскен. Бағасы қымбат 250 доллар. Яғни қазір қолданыста бар ауыр әрі ебедейсіз құрылғылардан он еседей арзан. Зағип жандар үшін арнайы аппараттар жасайтын АҚШ-тың «Be My Eyes» компаниясы болса, қазақстандық ғалымның өнертабысына қызушылық білдіріп, қомақты грант бөлген. Ал Әділ келер жылы құрылғыны жаппай шығаруды бастамақ. Тиісті қолдау табылса, өндірісті Қазақстанда да іске қосуға дайын.
Жалғас Сәдібекұлы