Қабырғалы қаламгердің қазасы тұтас қазақ елінің қабырғасына батып, қара сөздің қадірін білетін қауым қара жамылып отыр. Мұхтар Мағауин – қазақтың ұлы перзенті, Халық жазушысы, ұлттың рухани шежіресін кең ауқымда зерттеген сөз зергері. Бүгін зиялы қауым мен әдебиеттің белді өкілдері қазақтың Мұхтар ағасы, Мағауины жайлы жылы сөздер айтып, еңбегі мен ерлігін үлгі етуде.
Ол шабытқа сенбесе де, шындыққа сенген. Шығармашылықты ұлтқа қызмет ету деп білген. Сондықтан да бар уақытын өнімді жазуға арнады. Жоғалғанды іздеп, елдің тарих пен әдебиеттегі мұрасын түгендеді. «Көкмұнардан» басталып, «Аласапыранмен» кемерінен асқан, «Сары қазақ» пен «Шахан шерінің» иіріміне бойлатқан, «Қыпшақ аруымен» жаңа сипатта бағыт түзеп, «Одағай әңгімелері» арқылы қоғамдық ортаға бөлек ой тастаған жазушының әр туындысы – ұлттың олжасы, қазынасы.
Тұрсын Жұртбай, жазушы, тарихшы:
Ол өзінің атын 26 жасында қазақ әдебиеті мен руханиятының тарихына жазған адам. Бүгінгі күнге дейінгі, «Жармаққа» дейінгі қазақ өмірінің жылнамасын, шежіресін, рух тарихын қағазға түсіріп кетті.
Жазушы 15-18 ғасырлардағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, ғалымдар мен тарихшылар үшін де дәлелін дәлдеп, жүйесі мен киесін көрсетіп, мол мұра қалдырған еді.
Мереке Құлкенов, Жазушылар одағының төрағасы:
Мұхтар Мағауинсіз қазақ әдебиетін, қазақ руханиятын елестету мүмкін емес. Мен солай деп ойлаймын. Өйткені оның тарихқа сіңірген еңбегі, анау бәленбей ғасыр бұрынғы жырауларымызды бері қарап ап келген – Мағауин.
Тұрысбек Сәукетай, жазушы:
Әдебиетке қалай адал болу керек екендігін, қалай жұмыс істеу керек екенін. Ол кісі айтып отыратын: «ең бірінші сен азамат бол, шыншыл бол. Сонда ғана сенің қаламың шыншыл болады», - дейтін. Осы айтатын уағызы әрқашан менің жүрегімде тұрады. Әдебиетте азды-көпті кішкентай жетістігім болатын болса, осы Мұхтар ағаның тәлімінің арқасы ғой деп ойлаймын.
Мұхтар Мағауин өмірінің соңғы жылдары, нақтырақ 18 жылға жуық елден жырақ жүрді. Бірақ қай жерде болмасын ұлттық мүдде жолынан тайған емес. Мысалға, бірер жыл бұрын сыртта жүрген ағайынға былай деп келелі кеңес айтқан еді.
«Иммиграцияға кету, шетке кету қазақта да бар. Оны ешкім тоқтата алмайды. Табиғи жағдай. Ең бастысы шетке кеткен қазақтар өзінің тілін сақтау керек. Дәстүр салтын сақтау керек. Балаларын қазақы рухта тәрбиелеу керек».
Құдіретті қалам иесі 85 жасқа қараған тұсында дүние салды. Бірақ Мағауиннің тағылымды шығармаларымен бірге ұрпақтан ұрпаққа саяхат шегіп, әдебиет әуесіндегі жұлдызы сөнбейді.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын:
Ол бүгін дүниеден озғанымен, ұлттың жүрегінен озған жоқ. Ол ешқайда кеткен жоқ. Ол бәрімізбен бірге. Келер ұрпақты өзінің рухымен, өзінің жазғанымен, келесі ғасырдың балаларымен сөйлескелі отыр Мағауин.
«Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай..» Мұқағалидың бұл жыры Мағауиннің болмысын ашып тұрғандай...
«Мен өзі Құдайға шүкір өмір бойы ойлаған сөзімді айтып, ойлаған сөзімді жазып келе жатырмын. Ішімдегі ойымды ешқашан жасырмай келе жатырмын. Бұғып, қорқып, өмір сүргеннен сол ашық жүрген адамның өмірі ұзағырақ болады».
Қазақтың маңдайына біткен, тағдырдың тартуы болған Мұхтарлар аз емес. Бірақ солардың ішінде Мағауин қалдырған іздің өрнегі мен өнегесі бөлек. Себебі, Мағауиннің майыспаған мінезі енді мәңгілікпен бүлінбеген қалпында тілдесіп жатыр. Бақұл бол, мұраты биік қазақтың Мағауині!
Азамат Бейбітұлы