1 қаңтардан қолданысқа енген жаңа талаптың бірі – тамақ жеткізу қызметіне байланысты. Сауда және интеграция министрлігі бекіткен стандартқа сай, тағам таситын курьерде медициналық кітапша болуы тиіс. Яғни медициналық тексеруден өтуі керек.
Бұл талаптың меңзегені түсінікті. Тамақ таситын адам жұқпалы аурулармен ауырмауы керек. Әсіресе ірі қалалар мен облыс орталықтарында үйден тамаққа тапсырыс беру қызметіне сұраныс артып барады. Нақ тамақ таситын курьерлердің қанша екені туралы мәлімет жоқ. Тек Алматыда күнде 12 мыңнан 20 мыңға дейін курьер жолға шығады деген ақпарат бар.
Тамақ таситын курьер кім? Портреті қандай? Қанша адамның нан табуына ықпалдасқан бұл жұмыста қандай кілтипандар бар? Біршама уақыт бұрын жәшік арқалаған курьерлердің ереуілге шыққаны есте.
Сонымен «санитарлық кітапшаның» болуы, гигиеналық талаптардың сақталуы керек екенін бәріміз түсінеміз. Тек кітапшаны «сатып алу» әрекеті болмай қоймайтын сияқты.
Раушан Сайлауқызы әңгімелескен курьерлердің арасында негізгі жұмысы сол азаматтар да, қосымша табыс көзі қылған азаматтар да, тіпті ақша табуды үйренгісі келетін мектеп оқушысы да бар. «Курьер жолы».