Мекемтас Мырзахметұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мекемтас Мырзахметұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

13.01.2025

Түркістан облысында филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. 95 жасқа қараған шағында дүниеден өткен белгілі ғалым, абайтанушымен қоштасу рәсімі туған жері Түлкібас ауданында ұйымдастырылды.

Мәдениет үйінде өткен қаралы жиында жұртшылық ұлт руханияты абызының саналы ғұмырын Абайтану, Бауыржантану, Мұхтартану, Яссауитануға арнап, Абайдың поэзиясына қатысты құнды еңбектер жазып өткенін атап өтті. Ғалым «Толық адам» іліміне терең талдау жасаған. Ұлы тұлғалардың мұрасын жинап өткен. Келер ұрпаққа талдап, жүйелеп, қағазға түсіріп, тұтас ұлтқа рухани мирас қалдырып кеткенін еске алды. 30-дан аса монография мен зерттеу жобаларын жариялап, әдебиет тарихын зерттеушілердің бірнеше буынын даярлаған тұлға туралы естеліктер айтып, қоштасты.

Шәкір Ыбыраев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Мекемтас Мырзахметұлы қазақ әдебиеті тарихының, жалпы әдебиеттану ғылымымыздың тұтас бір дәуірінің куәгері. Әуезовтану, Абайтану мәселесінде үлкен үлес қосқан. Әдебиеттану ғылымында өзінің концептуалды ойларымен, зерттеулерімен біздің тарихымызда қалатын үлкен тұлға. Оның өлмес мұрасы, ғылымдағы айқын ізі қалды.

Ислам Жеменей, Мекемтас Мырзахметовтың шәкірті:

Мекемтас аға қазақтың ұлттық құндылығын, қазақтың өзінің болмысын, психологиясын қалыптастыруына тек қана бір бағытпен айналыспай, жан-жақты гуманитарлық сала, адамға ықпал жасайтын әртүрлі фактілерді зерттеп, зерделеп, өте кең алаңға жайды. Әрбір ғалым міндетті түрде қайраткер болуы керек деген ұстанымда болды. Солай бізді тәрбиеледі.  

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу