Ақмола облысында ауласы абаттандырылмаған мектеп пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында ауласы абаттандырылмаған мектеп пайдалануға берілді

13.01.2025

Ақмола облысының Бұланды ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа ғимарат бой көтерді. Алты жыл бойы салынып, проблемалық нысанға айналған мектептің сыртқы абаттандырылуы биыл да аяқталмады. Соған қарамастан екінші жартыжылдықта оқуды жаңа мектепте оқу ұйғарылған.

Осыдан кейін әлеуметтік желіде ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтыны туралы ақпарат тарады. Нәтижесінде мәселе оңтайлы шешілді. Мектептің алдына кеспе тас төселіп, айналасы қауіпсіздік үшін қоршалды.

Мердігер сыртқы абаттандыруды жазда аяқтауға уәде берді. Білім ордасының іші балаларды қабылдауға толық дайын. Жылу мен суы қосылып, сыныптары материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталған. Шағын жинақы мектепте 60 оқушы білім алып жатыр.

Бикеш Смайылова, Бұланды орта мектебінің директоры:

Екінші жартыжылдықты жаңа мектепте бастап отырмыз. Бұған ата-аналар мен қамқоршылар кеңесі де қарсы емес. Мектептің сыртқы жұмыстары аяқталған жоқ. Десек те, мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. 

Анар Сатыбалдинова, Бұланды ауылының тұрғыны:

Міне, бізге осындай жақсы, әдемі ғимарат салып берді. Мектебіміздің іші тамаша, әдемі. Бірінші кезде рас, біз кішкене қауіпсіздік  үшін алаңдадық. Енді жоқ, ештеңе етпейді. Бәрі жақсы, қоршаулы. Көктемде жинайтын жерді жинар, бізге уәде берді.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу