Ақтөбеде белгісіз біреу жеке тұрғын үйлердің біріне басып кіріп, үш адамды кепілге алды. Оқиға түнде, шаһардағы жеке үйлердің бірінде болған. Оларды құтқару операциясы түн ортасына дейін жалғасты. Қазір бізбен осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал тікелей байланысқа шығуға дайын.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Полиция департаментіне 20:00 шамасында қоңырау түскен. Оқиға орнына жедел қызмет мамандары дереу барып, аумақ қошауға алынды. Полиция департаментінің басшысы мен қала прокуроры бірнеше сағат бойы келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, қылмыскер ұсталды. Күдіктінің нақты талабы болмаған. Ол кепілге алынған адамды босатудан бас тартқан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданған.
Абай Жүсіпов, облыстық полиция департаментінің басшысы:
Оқиға орнына жедел тергеу тобы және арнайы жасақ қызметкерлері шығып, қазіргі таңда спецоперациялардың бәрі ұйымдастырылып, кепілге алынған азаматша босатылды, оның ата-анасы босатылды. Және күдікті ұсталды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Алғашында құқық қорғаушылар бір қыздың ғана кепілге алынғанын хабарлаған еді. Дегенмен, медицина мекемесіне үш адам жеткізілген. Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнынан, нақтырақ айтсақ жертөледен ауыр жарақат алған қыздың ата-анасы табылған. Олардың бірі жолда, екіншісі операция үстелінде көз жұмған. Қыздың да жағдайы ауыр.
Жақсыбек Кемал