Петропавлда жаңа салынған бөгет жарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда жаңа салынған бөгет жарылып жатыр

14.01.2025

Петропавлдың Былғары зауыты ауданында құрылысы әлі аяқталып үлгермеген бөгет жарылып жатыр. Нысанды салуға 2,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ол наурыз айында тапсырылуы тиіс. Бөгеттің ұзындығы 4 шақырым. Былғары зауыты – былтырғы тасқыннан ең көп зардап шеккен аудандардың бірі. Су басқан 262 үй тұруға жарамсыз, деп танылды. Қазір мұнда 150-ге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Елена Мулинцева, қала тұрғыны:

Техника таңнан жұмысқа кірісіп, түнде тоқтайды. Дегенмен қазіргі ауа райы бөгет салуға қолайсыз деп ойлаймын. Бәрі қатып жатыр. Маңайымызда санаулы ғана үй қалды. Былтыр су басқан соң биыл да үрейленіп отырмыз.

Бөгетте ақау пайда болуына байланысты комиссия құрылып, сараптама тағайындалды. Жарықтың жалпы ұзындығы 300 метр, тереңдігі 50 сантиметр. Мамандар енді зерттеу нәтижесіне қарай әрекет ететіндерін айтып отыр. Жалпы облыс орталығында 4 бөгет нығайтылып жатыр. Бұл мақсатқа 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

Игорь Киселев, Техникалық бақылау компаниясының өкілі:

Жарылған жердің барлығы бұзылады. Жоба бойынша бөгеттің жалпақтығы 5,5 метр болуы тиіс. Әлі 3 метрі ғана салынды. Ал табаны одан да жалпақ. Сондықтан құрылыс жұмыстары аяқталмай жатып, бөгеттің жарылғанына алаңдаудың қажеті жоқ.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу