Ақтөбеде кепілге алынған үш адамның екеуі қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде кепілге алынған үш адамның екеуі қаза тапты

14.01.2025

Ақтөбеде кепілге алынған үш адамның екеуі қаза тапты. Полиция оқиғаның қалай болғаны туралы ақпарат таратты. Жедел басқару орталығына кеше сағат 20:00 шамасында белгісіз біреудің 40 жастағы әйелді кепілге алғаны туралы қоңырау түскен.

Күдікті өзінің танысы мен оның ата-анасын кепілге алған. Ол ешқандай талап қоймаған. Үш сағаттық келіссөзден нәтиже болмаған соң арнайы жасақ басып кірді. Күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды.

Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледен жәбірленушінің 1950 және 1958 жылы туған ата-анасы табылды. Екеуі де ауыр пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оларды ажалдан арашалап қала алмады. Облыс әкімдігі марқұмдарды жерлеуге көмек беретінін хабарлады. Күдікті 1984 жылы туған қала тұрғыны. Ол бұрын жәбірленушімен жақын қатынаста болған. Ауыр жарақат алған келіншектің жағдайы орташа деңгейде. Оған дәрігерлік және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Абай Жүсіпов, Ақтөбе облыстық полиция Департаментінің бастығы:

Зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге барлық қажетті көмекті көрсетуде. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция Департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу