Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады. Абу-Дабиде өтіп жатқан орнықты даму апталығында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиында Президент климаттың өзгеруі, қуаңшылық, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемаларды да көтерді.
«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» – тұрақты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға бағытталған. Шара барысында осы бағытта тың технология ойлап тапқандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Табиғатта шекара жоқ. Ғаламдық жылыну бір елдің немесе аймақтың ғана мәселесі емес. Бүгінгі панельдік сессия, баламалы энергия көздері, жасанды интелект және цифрлы технология тақырыбына арналды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстан әлемдік аренада бейбітшілік пен келісімнің жаршысы, тың бастамаларлың құрылтайшысы ретінде танымал. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан жұртын алаңдатқан мәселелердің оңтайлы шешімін маңызды жиындардың төрінде тұрып талай көтерді. Оны әлем қолдады. Осының барлығы ескеріле отырып бүгінгі жиында бірінші сөз Қазақстан президентіне берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бұл бастама жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан.
Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:
2060 жылдарға дейін Қазақстан көмірсутек бейтараптыққа ұмтылып отыр. Біз алдағы 30 жылда мұнай мен газды азайтатын болсақ, экономиканың басқа да салаларын дамытамыз. Қызмет көрсету саласы, цифрландыру, жасанды интеллект, міне, осы алдымызды ойлай отырып, қазірден бастап көмірсутек бойынша қандай жобаларды іске асырамыз, соны ойлау керек.
Осы тұрғыдан алғанда Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Мәселен, Masdar компаниясы әлемнің әр түкпірінде баламалы энергия көздерінен электр энергиясын өндірумен айналысып жатыр. 2030 жылға қарай өндіріс көлемін 100 гигаватқа жеткізуді жоспарлаған. Оның 1 гигаваты Қазақстанда, Жамбыл облысында өндірілмек. Бұл қуат 300 мың баспананы электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді.
Президент көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық проблемаларды шешудің үш маңызды қағидатын тізіп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Біздің мемлекет тек қана қатысушы ғана емес біздің мемлекет, сонымен қатар, осы форумда көрсетілген мәселелерді орындайтын, өзінің тәжірибесінде мемлекет ретінде де бекітіп отыр. Біздегі қабылданып жатқан цифрлық Қазақстан, экономиканың жасыл экономикаға көшуі немесе сыртқы мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтатын мемлекет ретінде көрсетуінің өзі бұл басқа Орта Азиядағы мемлекеттерге қараған кезде біздің әлемдік глобализациядағы орнымызды ерекшелейді.
Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді. Саммитте өзге елдердің Президенттері де сөз сөйлеп, жаһандық проблемаларға қатысты пікірлерін білдірді.
Оңғар Алпысбайұлы