Көзі нашар көретін жандарға ақпарат алу жеңілдейді. Бүгін Сенат депуттары Марракеш шартын ратификациялау туралы заңды қарап, мақұлдады. Құжатта көру қабілеті төмен адамдарға, зағиптарға арналған кітап, журнал, оқу материалдары қолжетімді болу жолдары қаралған. Жалпы, әлемдік деңгейде жарияланған кітаптардың 7 пайызы ғана тиімді форматтарда ұсынылады. Әріптері үлкейтіліп, аудио нұсқада беріледі. Енді осындай мүмкіндік артады. Яғни автор келісімінсіз туындылар көзі нашар көретіндер мен зағиптарға ыңғайлы нұсқада ұсынылады. Жалпы, елімізде 85 мыңнан астам адамның көру қабілеті бұзылған. Оның ішінде балалардың саны 7 мыңнан асады.
Мәулен Әшімбаев, Сенат Төрағасы:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқығын қорғау және оларға тең мүмкіндік қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағытының бірі. Осы ретте қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз.
Самал Қабышева