Түркия халқы жыл өткен сайын қартайып барады. Соңғы жүргізілген зерттеулерге сай Анадолы елінде халықтың 10 пайыздан астамының жасы 65-тен жоғары. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 17 пайызға жақындайды. Себебі елде бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Бұл мәселені шешу үшін ел Президенті Режеп Тайып Ердоған 2025 жылды отбасы жылы деп жариялады.
Жыл өткен сайын Түркияда отау құрғандар азайып, ажырасу көбейіп барады. Яғни үйленгендердің 33,4 пайызы алғашқы 5 жылда ажырасып кеткен. Бұдан бөлек бала туу көрсеткіштері де күрт төмендеген. Сондықтан биылғы 1 қаңтардан бастап жаңа туған әр сәбиге жәрдемақы төленеді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Егер қазірден бастап әрекет етпесек, Түркия халқы алдағы уақытта жігерлі жастардан айырылып қалайын деп отыр. Осы мәселенің алдын алу үшін бірінші туған балаға бес мың лира бірреттік жәрдемақы, екінші балаға ай сайын мың бес жүз лира, ал үшінші және одан кейінгі балаларға ай сайын бес мың лира көлемінде жәрдемақы төленеді.
Бұл жаңалықты жас отбасылар жылы қабылдады. Отбасы жылы аясында мемлекет тарапынан берілетін көмек туралы естіп қуанып отыр.
Фатима Коркмаз, Ыстанбұл қаласының тұрғыны:
Бұған дейін біздің елде балаларға жәрдемақы төлеу деген болған емес. Әр балаға мемлекет тарапынан ақша берілуі – жастардың отбасы құруына, нәрестелі болуына мүмкіндік береді. Жас аналарға демеу болады.
Мемлекет енді жаңа үйленгендерге де көмектеседі. Отау құрған жастарға 150 мың лира, яғни шамамен екі жарым миллион теңге көлемінде пайызсыз несие берілмек.
Махинур Өздемир Гөкташ, Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтері министрі:
Біздің мақсатымыз - отбасын қорғау. Халық санының өсуі үшін отбасын күшейту өте маңызды. Сондықтан «Отбасы жылы» аясында 18-29 жас аралығындағы жастар үйленген кезде бірреттік несие беріледі. Жас отбасы бұл ақшаны екі жылдан кейін ғана қайтара бастайды.
Бұдан бөлек осы Отбасы жылы аясында жаңа балабақшалар салынып, нәрестелі болған әйелдердің декреттік демалыс кезінде онлайн жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін бағдарлама қабылданбақ.
Айдос Әшімұлы