Алматыда Халық әртісі Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды. Монумент Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдына қойылды. Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ғибратты ғұмыр кешкен Ермек Серкебаевты шеберлікпен бейнелеген мүсіншілерге өнерсүйер қауым ерекше алғыс білдірді. Ал министр «Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын» деп атап өтті.
Мұрат Серкебаев, Ермек Серкебаевтың інісі:
Ұлы өнер иесінің монументі ашылып жатыр. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Алматының төріне ұлт перзентінің ескерткішін орнатып, оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін бағалап жатқан Президентімізге алғыс білдіреміз.
Ұлттық кино өнерінің жауһары «Тақиялы періште» фильміндегі дара дарын иесінің ірі тұлғасы мен үні ел жадында. Ермек Серкебаев жоғары диапазонда еркін шырқап, оның даусы әлемді шарлады деп әріптестері мақтанышпен еске алды.
Әлібек Дінішев, Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері:
Менің көз алдыма дарынды музыкант Ермек Серкебаевтың бейнесі, онымен бірге өнер көрсеткен сәттерім оралып тұр. Қазақ өнерін шартарапқа паш еткен біртуар әнші сахналық өнердің қыр-сырын жетік білді. Жан-жағына мейірімін шашып жүретін.
Ермек Серкебаев ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда еңбек етті. Өнер жолын 1947 жылы классикалық туынды «Абай» операсын орындаудан бастап, 60 жылдан аса Опера және балет театрында солист болды. Сол жылдар ішінде отандық композиторлардың және әлемдік классикадағы музыкалық партияларды кемеліне келтіріп орындады.
Айдана Қуантхан