Бүгін Қостанай облысының Аманкелді ауданында Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі өтті. Осылайша, ғасырға жуық уақыт жат жерде жатқан қол мергеннің ғазиз басы туған топырағымен қауышты. Облыстық «Қазақстан-Қостанай» арнасы мемлекеттік деңгейдегі ауқымды шараны тікелей эфирде көрсетті. Кейкі кесенесі Арқалық қаласынан 65 шақырым жерде Торғайға баратын тас жолдың бойына салынған. Құрылысқа қажетті 70 млн. теңге ерікті түрде демеушілерден жиналды. Дулыға пішіндес 16 қырлы дөңгелек кесененің биіктігі - 13 метр, диаметрі - 8 метр. Жерлеу рәсіміне 5 мыңға жуық адам жиналды. Мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Дәуренбек ӘБДІБЕК