Жетісу облысындағы «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркінің Лепсі филиалы орман қорын молайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мұндағы 83 мың гектарға жуық аумақтағы өсімдік және жануарлар дүниесін қызғыштай қорып жүрген орманшылардың бірнеше буыны қалыптасқан. Ағалы інілі, әкелі балалы болып еңбек етіп жатқандар да жетерлік.
Биік тау, қалың қар, таза ауа, тұмса табиғат. Сәтін салса, бақылап күтсе түз тағылары кездеседі. Марат пен Болат Қуанышбаевтардың күнделікті көретін көрінісі осы. Әке жолын қуған ағайындылардың орманшылықты кәсіп еткеніне 40 жылдан асты. Осы уақыттағы олардың басты жетелеуші күші – туған жерге деген сүйіспеншілігі, табиғатқа деген жанашырлығы.
Болат Қуанышбаев, қорықшы:
Аң-құстар көп. Марал да, аю да бар. Жұмыс қиын емес. Табиғатты жақсы көрген соң істеп жатырмыз.
Марат Қуанышбаев, қорықшы:
Қалаға барсақ екі-үш күн тұрамыз. Сосын үйге, ауылға тартып тұрады. Сағынамыз. Туып өскен жер болған соң солай. Қалада тұра алмаймыз.
Ұлттық парктің Лепсідегі филиалында өңірдегі ең ірі тұқымбақтардың бірі осында. Мұнда шырша мен қарағайдың, жабайы сиверс алмасы мен басқа да ағаштардың көшеттері өсіріледі.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына сібір шыршасының кішкентай ғана түйіршік дәнінен осындай деңгейге жетуі үшін 11 жылдан астам уақыт кетті. Ал менің артымдағы үлкен, биік шыршаларға 40 жыл. Осының бәрін орманшылар өз қолымен өсірді. Ойлаңыздаршы, қаншама уақыт пен еңбек және төзімділік қажет.
Қылқан жапырақтылар тұқымбақта өсіріліп, көбейтіліп қана қоймай, ел аумағына таратылады.
Айдар Байжанов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП Лепсі филиалы директорының орынбасары:
Еліміздің көптеген өңірлерінде, Астана, Алматы басқа да үлкен қалаларда бізден билет жазу арқылы алып өсіріп жатыр. Біз соны мақтан тұтамыз.
«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай өңірде орманшы-қорықшыларды дайындайтын факультеттер ашылды. Ерекше қорғалатын аумақтарды кәсіби де, білікті мамандармен қамту енді жеңілдей түспек. Ал жергілікті тұрғындар арасында орманшы болу – абыройлы қызмет.
Қуаныш Қанатұлы
