«Таза бейсенбі» акциясы аясында жұмысшы мамандықтар дәріптеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза бейсенбі» акциясы аясында жұмысшы мамандықтар дәріптеледі

20.02.2025

«Аманат» партиясының Павлодар филиалы «Таза бейсенбі» акциясы аясында оқушыларды жұмысшы мамандықтарға баулу жобасын қолға алды. Ол үшін партияға мүше кәсіпкерлер өздері басқаратын экологиялық таза өнімдер шығаратын кәсіпорындарға биыл мектеп бітіретін түлектерді апарады. Экскурсия кезінде қалдықсыз өнім шығаруға арналған заманауи технологиямен танысады. Біріншіден бұл жеткіншектердің өндіріске деген қызығушылығын оятады. Зауыт, фабрикаларға барғандар тек қана қара жұмысқа жегіледі деген түсініктен арылады. Павлодардағы картон бұйымдарын шығаратын зауыт күніне 100 мың тонна өнім шығарады. Қораптарды әр салада қолданады.

Гүлнәр Қайдарова кәсіпорын басшысы, «Amanat» партиясының мүшесі:

Бүгінгі күні балалар қарапайым өмір салты деген түсініктен кенже қала бастады. Зауыт, фабрика жайлы мүлдем ойлағылары келмейді. Осыдан кейін слесарь, токарь, машинистерді қайдан аламыз? Сондықтан оларды осы бастан жұмысшы мамандықтарға баулуымыз керек.

Көше бойынан 6 тонна қоқыс шығарылды

Экологиялық акция Алматы облысында да жалғасып жатыр. Еріктілер, әкімдік қызметкерлері, партия өкілдері мен Қарасай ауданының тұрғындары көше бойынан 6 тонна қоқыс шығарды. Ауыл халқының сөзінше, жол жиегіндегі қоқыстың көптігі өзекті мәселеге айналған. Тіпті, кей тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға апармай, жол жиегіне немесе ашық жерлерге төгіп кетеді.

Қарияның ауласын қардан тазартты

Алматының Жетісу ауданында экологиялық акция аясында, еріктілер қарт кісілердің үйіне барып, аулаларын қардан тазалады. Ұйымдастырушылар «Таза бейсенбі» экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, игі істер мен қоршаған ортаға жауапкершілікті арттырады, дейді.

Нұргүл Керімқызы, «Amanat» партиясы Жетісу аудандық филиалының бөлім маманы:

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет», дейді. Бұл да бір жастарымызға үлгі деп білеміз. Үлкен тәрбие береді деген мақсатпен осы «Таза бейсенбіні» біз қарттардың үйінде жалғастырып жатырмыз. Көктемде қаламызда ары қарай жалғастырамыз.

Болат Аманбаев

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу