Жеңістің 80 жылдығы аясында Талдықорғанда «Жетісулықтардың жеңіс тарихы» атты жинақ құрастырылып жатыр. Кітапта облыстық архив қоры, жеке тектік қорлардан, қорғаныс істер департаментінен жиналған мәліметтер мен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ұрпақтары берген ақпараттар топтастырылады. Сондай-ақ Ресейдің «Память народа» атты платформасынан жетісулық майдангерлердің мағлұматтары да қосылады. Басты мақсат кейінгі ұрпаққа жетісулық майдангерлер ерлігін дәріптеп, есімдерін ұмыт қалдырмау.
Талдықорғандық Нұрланбай Жетенов облыстық архивке әкесінің ағасы Стамшал Жетенов туралы тың деректерді жинақтап әкелді. Біраз уақыт хабарсыз кеткендердің тізімінде болған жауынгердің Шығыс Пруссия аумағында 1945-жылдың ақпанында қаза тапқаны белгілі болды. Майданда минометші болған сарбаз тірісінде «Ерлігі үшін» медалімен, ал қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен де марапатталған болып шықты.
Нұрланбай Жетенов, қала тұрғыны:
Қатардағы жауынгерге тапсырылатын орден. Соның үшінші степенін алған екен. Өзінің жауынгерлік есептоп, минометі арқылы анау жерде көрсетіледі, 30-дан астам неміс басқыншыларын, 2-3 ауыр техникасын жойған екен.
Облыстық архивке Нұрланбай Жетенов сынды 60 адам соғысқа қатысқан туысы туралы деректер өткізіп үлгерді. Мағлұматтар әлі де қабылданып, жинақталып жатыр. Ал жинақ 1000 беттік болады және мың данамен басылып шығады. Облыс бюджетінен бұл жұмыстарға 18 млн теңге қарастырылған.
Гүлжихан Истамбекова, Жетісу облыстық мемлекеттік архивінің бас директоры:
Қорғаныс істері департаментінен алынған 94 мыңнан аса адамның тізімге кіретіні бүгінге белгілі. Боздақтардың тізімі қазір саналуда. Ресей Федерациясының порталынан алынған жетісулықтардың саны саналуда.
Жинаққа еніп үлгермеген мәліметтер архивтің жеке сайтына шығарылады. Ал ол жерге кітаптың соңғы бетіндегі QR код арқылы кіруге болады, дейді құрастырушылар.
Қуаныш Қанатұлы
