Оңтүстік өңірлерде биылғы жылдың алғашқы сенбілігі өтті. Игі шараны бірінші болып Жамбыл облысы бастады. Енді аймақта «Таза Қазақстан» акциясы аясында 200 мыңға жуық ағаш пен гүл көшеттері егілмек. Ал Қызылорда, Түркістан өңірі мен Шымкентте 6 мыңға жуық адам акцияға атсалысты.
Тараздағы Қайрат Рысқұлбеков саябағына 50 жас жиылып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы өңірде мың шақырым су арналары, 200 мың аула мен 10 мың шақырым көше жолын тазарту жоспарланған. Ал көктемде көшет отырғызу қарқын алмақ.
Абзал Есіркепов, жастар ресурстық орталығының директоры:
Шаралардың аясында тек қана сенбіліктер ғана емес, сонымен қатар шығармашыл жастардың арасында да осындай әртүрлі экологиялық бағыттар бойынша түрлі конкурстар ұйымдастыру жоспарлануда. Барлығы 10 мыңнан астам қала тұрғындары мен жастар қамтылады деп жоспарлап отырмыз.
Қызылордада коммуналдық мекемелердің 250 қызметкері сенбілікке шықты. Олар жол жиегін әктеп, қураған шөптерді шапты. Алдағы уақытта «Жасыл ел» жасағы мен «Эко сақшы» қозғалысы құрылып, 2 мыңдай жас тазалық науқанына атсалыспақ.
Гүлзинат Жұмабекова, «Қызылорда тазалығы» шаруашылық мекемесінің сектор меңгерушісі:
Барлық қызылордалықты, жерлесті осы «Таза Қазақстан» акциясына әр аптаның сенбі күні сенбілік жұмыстарына бір кісідей атсалысайық деп шақырғым келеді. Қаламыздың тазалығы, мәдениеті бұл - өзіміздің айнамыз.
Ал Шымкенттің 5 ауданында 4 мыңнан астам адам қолына күрек, кетпен ұстады. Олар 24 шақырым тротуар, 15 шақырым каналды қоқыстан тазартты. Бұл жұмыстар Түркістандағы 50-ге жуық көшеде жалғасты.
Талғат Мұқанов, қала тұрғыны:
Қазір біз мына жерді тазарттық, қарашы, әдемі болып қалды. Егер де, солар осылай тазартып отырса, есіктің алды әдемі болып тұрса, жаман ба соларға? Әрбір үйдің егесіне осы жердің тұрғын үй комитеті келіп, тапсырма берсін. Есігінің алдын тазалап ұстап отырсын. Сонда халықтың бәрі таза жерде жүреді.
Экологиялық мәдениет аула алдының тазалығынан басталатынын айтқан тұрғындар енді сенбілікті үй-үйге бөліп, апта сайын ұйымдастырмақ. Өзара жасалған жұмыс өңірдегі мәдениетті қалыптастыруға сеп болары сөзсіз.
Данияр Әлімқұл
