Финляндияның Ооди кітапханасы қазақстандық кітапханалармен тәжірибе алмасуға дайын. Ел астанасы Хельсинкиде орналасқан қоғамдық мекеме 2019 жылы әлемдегі ең үздік кітапхана номинациясын иемденді. Американың Time журналы Oodi-ді ғаламшардағы 100 өте қызықты орындардың тізіміне қосты.
Ооди – Финляндия үкіметінің Тәуелсіздіктің 100 жылдығына орай халыққа жасаған тартуы. Қоғамдық кітапханының табалдырығын аттағаннан-ақ өзге әлемге тап болғандайсың. Ағаш, болат сынды табиғи материалдардан соғылған ерекше сәулеті, сандық технологиясы, кітап тасып, әрі-бері зыр жүгірген роботтар таңдай қақтырмай қоймайды.
Сампо Матикайнен, Ооди кітапханасының БАҚ байланыс бөлімінің қызметкері:
Біз тұрғындардан Орталық кітапханада не болғанын қалайсыздар деп алдын ала сауалнама жүргіздік. Сосын идеяларға, халықтың пікіріне құлақ түре отырып, сәулетшілер байқауын жарияладық. Яғни сәулеті, ішіндегі қызмет түрлері бәрі халықтың қалауы бойынша жасалған. Халықтың арманын жүзеге асырдық десек те болады.
Кітапханада 20 тілде жүз мыңнан астам кітап сақтаулы. Оқырмандар үшін тағы 3 млн кітап онлайн қолжетімді. Кітап оқу залынан бөлек мұнда конференция өткізетін залдар, келіссөз жүргізуге, тынығуға арналған бөлмелер, балалар алаңы, мейрамхана, кинотеатр да бар.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Оодида барлығы халықтың игілігі үшін жасалған. «Тұрғындар ескі киімдерін қоқысқа лақтырып тастамасын, ысырапқа жол бермесін» деген мақсатта мынадай тігін машиналары қойылған. Кез келген адам ескі киімін жөндеп немесе жаңасын тігіп алса болады. Барлығы тегін.
3D принтерден қалаған затыңызды шығарып, дыбыс жазу студиясында әніңізді таспаға бастыру – бәрі су тегін. Құжат қалдырып, үйге музыкалық аспаптарды, гаджеттерді жалға алуға болады. Балғындарды кітапханаға көптеп тарту үшін мекеме басшылығы бірнеше компьютерлік ойын бөлмесін жабдықтаған.
Чесси Хутоном, Хельсинки қаласының тұрғыны:
Алдымен ойын ойнауға келгенмін, кейіннен кітаптарға қызыққаным сонша, осы жерден шыға алмай қалдым. Мұнда ойын ойнайсың ба, кітап оқып, ұйықтап алам десең де өз еркің. Атақты опера әншілерінің концертін де осы жерден көруге болады.
Стелла Корхонен, Хельсинки қаласының тұрғыны:
Бұл жай кітапхана емес, жұмақ мекені. Мынадай керемет кітаптарды алып, миың тынығады. Бұл жер Сіздер сияқты түрлі ұлт өкілдерін кездестіріп, танысуға да үлкен мүмкіндік.
Тұрғындардың ғана емес туристердің де сүйікті мекеніне айналған Оодиді жылына 2 млн-нан астам адам тамашалайды екен. Мекеме басшылығы еңбектеген баладан еңкейген қарияны қызықтыратын қызмет түрін әлі де жетілдірмек ниетте. Басты мақсаттары – халықтың кітапқа құмарлығын арттыру. Финляндиялықтар қазірдің өзінде кітап оқудан әлемде көшбасшы. 5 млн-нан астам халқы бар мемлекетте жылына 20 млн кітап сатылады.
Нұрсұлу Қасым
